Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Бидайкөлдегі берекелі бастама

Бидайкөлдегі берекелі бастама


Соңғы жылдары мемлекет ауылдарға ерекше көңіл бөліп, шалғай елді мекендердің өркениет көшінен қалып кетпей, керісінше ауылдағы тіршіліктің қайта жандана түсуіне орасан зор қаржы құйып, көптеген бағдарламалар аясында ауыл халқын жұмыспен қамтып келеді. Мемлекеттің темір қазығы саналатын ауылдардың бүгінгі жай-күйі кешегі тәуелсіздік алған кезеңдегі шақпен мүлде салыстыруға келмейді. мәселең тәуелсіздігімізді алып, бөлек отау құрған шақта тұтас бір ауданға бөлінген қаржыны бүгінде шалғай ауылдар игеріп жатыр. Сөзіміз жалаң болмас үшін айта кетейік. Қаратаудың етегіндегі Еңбекші елді мекенінде спорт, мәдениет, білім, денсаулық салаларын дамытуға, ауылішілік жол мен тұрғындар тынығатын саябақ құрылысына соңғы 4 жылдың ішінде екі жарым миллард теңге үкіметтен бөлінген. Бұл дегеніміз мемлекеттің жоспарлы түрде ауылдарды дамыту бағытында атқарған жұмыстарының бір айғағы десек артық айтқандық болмас.
Биыл облыстық «Сыр медиа» ЖШС-на қарасты аудандық «Өскен өңір» газетінің жарыққа шығып, оқырман қолына тие бастағанына 80 жыл. Осы орайда, газет ұжымы жыл басынан бері сексен жылдық аясындағы шараларын бастап та кеткен болатын. Сол бастаманың бірі әрі бірегейі шығармашылық топ ауылдарды аралап, ойлы оқырмандармен жүздесіп, бас басылым жайлы пікірлерін біліп, сондай-ақ, елді мекендердің бүгінгі тыныс-тіршілігімен етене танысып, тұрғындардың өтініш, тілектерін қағазға түсіріп алған едік. Сапар барысында Ақмая, Төңкеріс, Алмалы, Телікөл, Сұлутөбе ауылдық округтерінен тұрғындар тарапынан көтерілген бірқатар мәселелер кездесті. Кей ауылдың әкімдерін жолықтыра алмасақта, ауылдың ажарын кіргізетін көгалдандыру мәселесінің кемшін тұстары, көше бойындағы банерлердің ретсіздігі, айта беретін аяқ судың әлегі сияқты дүниелер алдымыздан шығып, кездесе берді. Дегенмен бізді бидайкөлдіктердің берекелі бастамалары шын қуантып, көңіліміздегі күмәнді сейілтіп тастады.


Аймақ басшысы Қ.Көшербаев былтырғы ел алдындағы есеп беру кезінде: «Алдағы үш жылды облыстағы кәсіпкерлік саласын дамытуға арнайтын боламыз», – деген болатын. Байқағанымыздай, бидайкөлдіктер облыс әкімінің сөзін нақты іске асырып, ауылда шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға кірісіп кеткен. Ауылдық мәдениет үйін тиімді пайдаланған ауыл әкімі Айтбай Жандарбеков мекеменің ішінен пошта қызметі, тігін цехы, сұлулық салоны секілді халыққа қызмет көрсету орталықтарын ашып, елді ұйыстырып отырғанын байқадық. Орайы келгенде айта кетейік. Мәселен ауыл тұрғыны Тоғжан Мұсаева осыған дейін Қызылорда қаласындағы «Сыр аруы» атты ательеде тігінші болып жұмыс істеп, киім тігудің қыр-сырын жетік меңгереді. Кейін өзі жеке кәсіп бастап аудан орталығынан «Тоғжан» ательесін ашады. Тоғжан тіккен көйлек пен ол жасаған құрақ көрпелер көпшілік көңілінен шығып, ауыл тұрғындары білікті ісмердің ауылдан тігін цехын ашуын өтінеді. Халықтың өтінішін ауыл әкімі құп көріп, ауылдық мәдениет үйінен бір бөлмені босатып береді. Бүгінде тігін шеберханасында тұрмысқа қажетті заттардың барлық түрлері тігіледі. Шиелі индустриалды аграрлық колледждің «Тігін» курсын оқып жүрген қыз-келіншектерді іс-тәжірибеден өткізіп, киім тігу, қию, өрнектеу әдістерін үйретіп жүр. Аудан көлемінде әжелер ансамбліне, биші қыздарға, өнерпаздарға тіккен киімдерінің де өзіндік ерекшеліктері бар. Мектептермен тығыз байланыса отырып, мектеп формасын жоғары сапада тігіп жүр. Жұмыспен қамту орталығы арқылы 5 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
Бидайкөл ауылында шеберліктерін көрсетіп, өз қаржыларымен кәсіптерін дөңгелетіп отырған жастар да жоқ емес. Солардың бірі – Әсел Жұматаева. Ол қазіргі таңда ауылдан өзінің «Ай Ару» сұлулық салонын ашып, жұмысын дөңгелетіп келеді. Ал Айдос Қожамжаров деген азамат «Дара кәсіпкер» ретінде тіркеліп, үйінің жанынан шағын мебель жасау цехын ашып, екі ауыл тұрғынын жұмыспен қамтуда. Айта берсек ауылда кәсіпкерлердің қатары едәуір көбейген. Бекділдә Байекеев заман талабына сай, тұрмыстық қажеттілікке керекті бетоннан жасалған құдықтар құюда. Кәдімгі зауыттан шыққандай құдықтарды көріп Бекділдәнің еңбегіне іштей риза болдық.
2018 жылдан бастап жылыжай жұмыстарымен айналысып келе жатқан ауыл тұрғыны Қанат Мұсаев 10 гектар жерге егін егуді жоспарлап отыр. Қазір оның егіс алқабындағы жылыжайда қауын, қарбыз, қызанақ, қияр тағы басқа бақша өнімдерінің көшеттері мен өнімдері сұранысқа ие болып келеді. Сонымен қатар, елді-мекен орталығындағы ашық алаңқайға «Бидайкөл» шаруа қожалығының төрағасы Талғат Байдалиевтің демеушілігімен тұрғындар тынығатын саябақ құрылысы жүріп жатыр. Бүгінде саябақта 80 түп (можжевельник сорты) шырша ағашы, 150 түп әр түрлі жеміс ағаштары және 4 түп жылауық ағашы отырғызылған. Жазғы сахна орнатылатын аумағына тас төсеніштері (брусчатка) төселіп, біршама жұмыстар жасалған. Ең қызығы осы демалыс саябағында ыстық күні демалушыларға салқын леп сыйлайтын субұрқақ салынбақ екен.
Біз бұл ауылдан басқа да жақсы бас­тамалар мен дүниелерді көзіміз шалды. Әсіресе ауыл тұрғындарының мемлекет асырайды деген ойдан арылып, ешкімнен ешнәрсені дәметпей өз беттерімен кәсіп ашып, мал асырап, егін егіп жатқандарын көргенде іштей риза болдық.

Елдос Жүсіп.
03 мамыр 2019 ж. 749 0