Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Түркістан облысында 9 нысан ел игілігіне берілді

Түркістан облысында 9 нысан ел игілігіне берілді

Тұңғыш Президент күніне орай Түркістан облысында 9 нысан ел игілігіне берілді. Солардың бірі – Бәйдібек ауданы Ағыбет елді мекеніндегі су жаңа мәдениет үйі. Бұрын бұл ауылда мәдениет ошағы болмаса да, талай өнер дүлдүлдері шыққан. Тау бөктеріндегі Ағыбет ауылында 700-ден аса түтінін түтеткен халық тұрады. Бір кездері Майбұлақ кеңшары болған елді мекен қазір төрт ауылдың басын біріктірген округ санатында. Тұрғындары да өнер десе, «ішкен асын жерге қояды. Бұл елді мекенде Кеңес кезеңінен бері мәдениет ошағы болмапты. Сонда да «Ел іші – өнер кеніші» демекші, елімізге танымал көптеген  өнер майталы осы өңірден қанат қаққан. Ал осы жылдың мамыр айында құрылысы басталған 150 орындық мәдениет үйі дәл мерзімінде аяқталып отыр. Оған облыс қазынасынан 110 миллион 207 мың теңге қаржы бөлініпті. Біржан Байтуов, айтыскер ақын: – Бұл – үлкен сахнаның кішігірім мектебі. Сондықтан осы жерде шыңдалып, үлкен белестерге шығатындарына сенімдімін. Қазір қазақи ауылдардың барлығына осындай жағдай жасалынып жатыр. Су жаңа мәдениет үйінде Тұңғыш Президент күні мерекесі аталып өтілді. Бәйдібек ауданындағы тәуелсіздік тартуы ретінде берілген нысан бұл ғана емес. Халыққа қажетті 11 шақырымдық Ақбастау-Тұрақты-Қаратас автомобиль жолы күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға беріліп отыр. Сондай-ақ Ағыбеттегі төрт ауылды байланыстыратын ішкі жолда жөндеу көріп, тұрғындардың бірі-бірімен қатынасы артқан. Бахытбек Танагөзов, Бәйдібек ауданының әкімі: – Осының барлығы Елбасының үлкен қамқорлығының, мемлекеттік саясаттың дұрыс жүргізіліп жатқандығының нәтижесі. Жиын барысында да бүкіл халық өзінің ыстық ықыласын, алғысын, ол кісінің кемеңгерлігін, парасаттылығын айтуда. ҚР Тұңғыш Президент күнімен құттықтаймыз! Елімізде осындай берекелі істер молынан болсын. Алдағы уақытта ауданға қарасты Алғабас ауылының ауызсу жүйесі жаңартылмақ. Оған облыстық бюджеттен 208 млн теңге қаржы бөлініпті. Сондай-ақ Жаңаталап елді мекенінде 100 орындық мектептің құрылысы жүргізілуде.

www.24.kz
02 желтоқсан 2018 ж. 832 0