Еңбекшідегі елеулі күн
Топырағын түртіп қалсаң тарихтың бір парасы ақтарыла кететін қасиетті қарт Қаратау қазаққа тиесілі талай тарихты әлі де болса шыңына шығармай, қойнауына бүгіп, басына жастанып жатқаны рас. Басқасын айтпағанда, кешегі елдің берекесін алған нәубет замандағы ұлы «Елім-ай» көші, «Қызыл мен Ақтың қырғыны» Шиелінің шығысындағы Жетім төбе, Дарбаза мен Майшысында орын алған оқиғалар. Жақында, елімізге белгілі ғалым, тарих ғылымының докторы М.Елеуов ағамыз Қаратауға қатысты тағы бір тың деректің шетін шығарып, сүйінші сұрады. Ғалымның келтірген нақты дерегіне үңілсек, бұдан 550 жыл бұрын Қазақ хандығының іргесін қалаған әйгілі Жәнібек пен Керей хан бастаған ең алғашқы көш арқадан ауып, Қаратаудағы Майшыны баса, тура Еңбекшінің үстімен өткен деп отыр. Көштің жүру бағытын жорамалдасақ ғалым сөзінің жаны бар деуге әбден келеді. Өйткені, тау арасымен жүрудің ең жақын, әрі ең ыңғайлысы осы біздің жолымыз екені
даусыз. Дегенмен, біздің айтпағымыз бұл емес еді.
Қазақ «сапардағының сөзі қабыл» деп түсінген халық. Ал, шариғат «жолаушы мен Жаратқанның арасында шымылдық болмайды» дейді. Иә, Қаратаудың етегіндегі Еңбекші ауылының бүгінгідей дәрежеге жетіп, қаптаған батыр мен бидің, жазушы мен журналистің, мемлекет қайраткерлерін дүниеге келтіруі кешегі ұлы көште бабалар жасаған батаның қабыл болғаны ма дерсіз. Түнеу күні, әңгімемізге арқау болған Еңбекші ауылында қос бірдей халыққа қызмет көрсететін нысанның лентасы қиылып, ел игілігіне берілді. Облыстық бюджеттен 190,3 миллион теңге жұмсалған Еңбекші ауылдық спорттық-сауықтыру кешені мен 169,8 миллион теңге қаржы бөлінген мәдениет үйінің ашылуына облыс әкімі Қ.Көшербаев келіп қатысты. Ауыл тұрғындарының қуанышына ортақтасып, атбасын әдейілеп бұрған аймақ басшысы ауыл халқын қос бірдей қуанышымен құттықтап, жиналғандарға жылы сөзін айтты.
– Мемлекет соңғы бес жылдың өзінде бір ғана Еңбекші ауылына бюджеттен 2 миллиардқа жуық қаржы бөліп отыр. Бұл мемлекетіміздің ауыл халқына жасап отырған жақсылығының бір парасы ғана. Бүгінде Қазақстанның әр аймағында Еңбекші секілді қаншама ауылда осындай нысандар соғылып, ел игілігіне беріліп келеді. Осылайша Елбасы Н.Назарбаев ауыл халқын үнемі назарда ұстап, мұндағы бұқара халықтың жағдайын түзелтуге күш салып келе жатқандығын көріп келеміз. Мемлекет басшысының сындарлы саясатының арқасында Қазақстанда саяси тұрақтылық сақталып, халықтың әлеуметтік жағдайы біршама түзеліп отыр – деді облыс әкімі.
Шарада туған жердегі қуанышты хабарды естіп, Астана мен Алматы қалаларынан арнайы келген Еңбекшіден түлеп ұшқан тарих ғылымының докторы М.Елеуов пен белгілі журналист, Президент сыйлығының иегері, республикалық «Айқын» газетінің бас редакторы Н.Жүсіп те болды. Елдегі ағайынды айтулы күнмен құттықтап, қос нысаннан халықтың, елдің атын шығаратын азаматтардың көптеп тәбиеленіп шығуына тілектестіктерін білдірді. Орайы келгенде, облыс әкіміне өз ұсынысын айтқан М.Елеуов Қаратаудағы Майшы даласынан «Қазақ хандығының» көші жүргенін айта келе, сол маңға өткенімізді айшықтап тұратын бір белгі қойылса деген ойын білдірді.
Қос нысанға қайта оралсақ, сырының иісі кеппеген 150 орындық Мәдениет үйі бүгінде өз жұмысын бастап та кетті. 10 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған бұл мекемеде ән-күй, тоқыма өнері, шахмат үйрету үйірмелері жүріп жатыр. Сонымен қатар, ауылдық кітапхана да осында жайғасқан. Ал, ауыл жастарын салауатты өмір сүруге бейімдейтін спорттық сауықтыру кешенінде спорттың 4 түрі бойынша ауыл жастары шынығатын болады. Бұйырса, алдағы уақытта Еңбекші ауылынан футбол, волейбол, күрес, бокстан әлем, олимпиада чемпиондары шығады деп сенеміз.
Елдос Жүсіп.