Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Еуропадан екінші

Еуропадан екінші


Жақында Польша Республикасының Варшава қаласында «Польша Республикасын үлгі ете отырып Еуропада білім беру жүйесіне салыстырмалы анализ: балабақша-мектеп-ЖОО» атты ғылыми конференция өтті. Оқушылар, студенттер және мұғалімдер қатысқан ІІ Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға Қазақстаннан жалпы 36 адам қатысты. «Халықаралық экология, инженерия және педагогика ғылым академиясы» Қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткен ой жарыстыру алаңында сөз сөйлеген 16 мұғалім мен 20 оқушының арасынан №244 Ы.Жақаев атындағы мектеп мұғалімі Жанар Нұртаза мен шәкірті Балнұр Балтабай қатысып, ІІ орын иеленді.

Орталық Еуропа елінде қазақша нақыштағы киіммен тілі мен елінің абыройы үшін тек қазақ тілінде сөйлеп, өр мінезімен поляктар аудиториясын баурап алған 8 сынып оқушысы Балнұр Балтабай «Қызылорда облысының туристік мүмкіндіктері: өткені, бүгіні, болашағы» тақырыбында жоба қорғап, варшавалықтарды Қызылордаға қонаққа шақырды.
«Маған Варшаваның қоңыржай климаты өте қатты ұнады. Біз көптеген оқу орындарына экскурсия жасадық. Қазақстандықтар үшін ол жаққа оқуға түсу мүмкіндіктері көп екендігі жайында бізге түсіндірді. Болашақта журналистика мамандығын таңдап отырғандықтан Еуропаны көру маған үлкен шабыт сыйлады. Десе де, мен өз арманымды Қазақстанда жүріп жүзеге асырғым келеді», – дейді Балнұр. Әңгіме барысында әрбір айтқан сөзінен еліне деген сүйіспеншілігі сезіліп тұрғаны көңіл қуантты. Оқушысының көкірегіндегі шоқты байқап, лапылдаған отқа айналуына өз үлестерін қосып жүрген жетекшісі Жанар Нұртаза мен мектеп директоры Елшібекова Мәрия Қиясқызының төккен тері, кеткен уақытының бос болмағанын, Польша елінен жүлделі орынмен оралуы дәлелдеп бергендей. «Жанардың тынымсыз еңбегі мен Балнұрдың табандылығының арқасында ел асып барған еңбектерінің еленіп, жүлделі орыннан көрінгені тақым қысып осында қалған әрбір әріптес үшін зор қуаныш», – дейді мектеп ұжымы. Жеңімпаз жеткіншекке еліміздің атын әлемдік аренада асқақтата бер дей келе, мектеп жасындағы баланың шетел көріп, арманына шабыт сыйлаған, қаржылай қолдаған ұжым «Гео Техно Сервис» компаниясына алғыс айтамыз.

Н.Серәліқызы.
23 сәуір 2019 ж. 835 0