Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Бақ-берекем, құт-мерекем

Бақ-берекем, құт-мерекем

Сенбі күні №219 Ы.Алтынсарин атындағы қазақ орта мектебінде «Бақ-берекем, құт-мерекем әз-Наурыз» атты мерекелік шара өтті. Ұлыстың ұлы күні қарсаңында ұйымдастырылған шарада мектеп директоры Жанерке Жанадилова сөз сөйлеп, ұжымды ұлттық мерекемен құттықтады.
Сонымен қатар, білім ордасының жеткен жетістіктерімен бөлісіп, үлгілі жұмыс істеген қызметкерлерді марапаттап, «Үздік жыл мұғалімі» сайысының қорытындысын жария­­лады. Білім қызметкерлері арасындағы байқауда Айнұр Әлсейітова «Жыл мұғалімі» номинациясын иеленді. Ал, Қ.Биманова І орынды, М.Әлімбетова ІІ орынды, А.Бейісова ІІІ орынды қанағат тұтты. Мереке қарсаңында мақтау қағазы мен бағалы сыйлықтар табысталды.
Марапаттау рәсімінен соң дастархан басына жайғасқан көпшілік қауымға «Нұр имам» мешітінің бас имамы Самат Нұрсейітов бата берді.
Содан кейін өмірден озған ардагер-ұстаздарға, түлектер мен қызметкерлерге құран бағыштады.
Торқалы той әрмен қарай концерттік бағдарламамен жалғасты. Өскелең ұрпаққа білім беруден бөлек өн бойына өнер дарытқан ұстаздар ұлттық би билеп, Шәмшінің әндерін шырқады. Ал, А.Кененбай, Қ.Қарабатырова, А.Рахметуллаұлы сынды оқушылар наурыз туралы өлең оқып, көрерменге әннен шашу шашты.

М.БОЛАТҚЫЗЫ.
21 наурыз 2019 ж. 1 449 0