Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Көтімылтық әулиенің кереметі

Көтімылтық әулиенің кереметі


Түркістан һәм Сыр өңірлерінде түркі жұртына әйгілі Мәді қожа ғұмыр кешкен. Оның Қожжан, Қылыш, Пірзада, Бақ-Мұхаммед есімді төрт ұлы болған, дүниеден ерте кеткен бір ұлы Әбдірахманнан ұрпақ қалмаған. Алғашқы үшеуінің зираты Қызылорданың Жетікөлі мен Айдарлы елді мекендерінің ортасында орналасқан.
  Бұ жаққа Құдайға қылығымен жаққан әулиелерден шапағат, Жаратқаннан медет сұрап келетін зияратшылардың қарасы көп. Ал Baq.kz агенттігінің тілшісі осы қорымда мәңгілік жай тапқан, ел арасында «Көтімылтық» деген лақап атпен танымал Пірзада қожаның кереметін сөз етеді.
Мәді Диуана қожаның ұрпақтары жерленген киелі жердің топырағы құнарлы, жасыл-желек жамылған, мың түптей алма, шие, өрік ағаштары өсіп тұр. Мұнда қарлығаш құстары да көп екен. Табиғаты өз алдына бір бөлек әңгіме, қасиетті мекеннің аурасы адамды айрықша рухани әсерге бөлейді.
Бізді шырақшы Ғарифолла Әбіласанов жылы қарсы алып, ә дегеннен елге риясыз қызмет еткен Пірзада әулиенің өмірі мен хикаяларынан сыр шертті. Оның айтуынша, П. Мәдіқожаұлы дүниеге келу тарихы да ғибратқа толы.
Мәді Диуана қожа қажылыққа бара жатқанда жолай қарақалпақ елінде бір ауқатты адамның үйінде құдайы қонақ болады. Қойлары төлдейді, бәрінің түсі аппақ болып шығады. Түнде үй иелері қонақ жатқан жайдың есігінен сығалап қараса, оның үстінен жарқыраған сәулені көреді. Ол сәуле Құдайдың нұры екен. Бай кемпірімен ақылдасып, қонағыныңтегін адам емесін біліп, тоғыз ұлдың ортасындағы жалғыз қызын Мәді қожаға бермекші болады. Осы кезде төлдердің аппақ болуының сырын Мәді қожа түсіндіреді. «Ниеттерің ақ екен» дейді. Ал жиын-тойдан оралған қыздың бауырлары: «Қаңғып жүрген адамға айдай қарындасымызды бермейміз» деп шатақ шығарып, қонақтың көзін құртпақ болады. Мылтықпен бірнеше рет атса да бабамызға оқ дарымайды. Бейқам отырған бабамыз мына зұлымдықты көріп, алтауын әруағымен бір-ақ атады. Табанда бәрі жан тапсырады. Тоғыз ұлды жерлегеннен кейін кемпірге күмән келеді. Сол уақытта қойлары төлдейді, бірақ түсі қара-ала болады. Үй иелері мұның сырын сұрағанда: «Біріңіздің пейіліңіз түзу, екіншіңіздің ниетіңіз бұзылып тұр» деген екен. Осы сәтте кемпір де тәубеге келеді. Мәді қожа оларды аяп: «Тоғыз ұлынды тірілтейін бе? Әлде соларға татырлық бір ұл Алладан тілейін бе?» депті. Сонда олар: «Шырағым, өлер балалар өлді. Ақымақтығы өздеріне сор болды. Енді бәріне татитын ұл бер» депті. Бабаның тілегі қабыл болып, ұлды болыпты, бар қадір-қасиетімен туыпты. Сол кездегі қызылбастардан (ирандықтардан) елін қорғаған батыр, әулие, әрі ақыл иесі болыпты. Бұл – Асанас баба еді. (Асанас баба мен Пірзада бабаның бейіті жердің ендігінде бір деңгейде жатқанымен, қазіргі уақытта екеуінің арасын Жетікөл мен Айдарлы бағытындағы тас жол екіге бөліп тұр. Үй иелері қызын Мәдіқожаға қосады. Сол жерде 2-3 айдай аялдап, онан соң қажылық сапарын жалғастырады.

Кетерінде кемпір мен шалға: «Қызыңның бойында ұл перзентім қалды. Сыр елінде Баршын өзенінің жағасында Қожжан, Қылыш деген ағалары бар, 11-12 жасқа келгенде іздеп тапсын», – дейді. Айы, күні жетіп, Мәді қожаның жары ұл тауып, ерінің өсиеті бойынша атын Пірзада қояды. 12 жасқа келгенде керуенге еріп, Сыр бойына ағаларын іздеп шығады. Пірзаданың айтқан жерге жетуіне бір тәулік қалғанда, Қожжан бабам: «Атамның өзі не көзі келе жатыр, өйткені иісі мұрнымды жарып бара жатыр» деген екен. Осылайша, бауырларымен қауышқан Пірзада бабамыз Сыр елінде мәңгілікке қалады.
«Пірзада бабамыз ірі денелі, отты көзді, қарулы болған екен. Мейірімді, жомарт, ілімді жанның талайға шарапаты да тиген. Менің әкем Әли қожа осы қорымда 25 жылдай шырақшы болды, төрт жыл бұрын дүние салды, содан бері бұл міндетті мен жауапкершілікке алдым», – дейді Ғарифолла Әбіласанов.
Ал шырақшының Айтқожа Әбіласанов та ата-бабасының тарихы мен шежіресін жатқа біледі. Одан Пірзада қожаны не себептен «Көтімылтық» атанып кеткенін сұрадық.
«Пірзада қожа шамамен 14 ғасырда өмір сүрген. Жаугершілік кезеңде Қаратау бөктерінде орналасқан елге парсылар қауіп төндіреді. Ағасы Қылыш қожа батыр болған, соған қарамастан ағасы мен ақсақалдар ақылдасып Пірзадаға жүгінеді. «Мені әуре қылмай, жаудың бетін өзің қайтар», дейді Қылыш қожа. Пірзада баба құманын, шыбығын алып кеткен екен. Сонда аузына су толтырып, жауға қарай үш рет бүркіген екен. «Алдың тұман, тас қараңғы болсын, артың жарық болсын» деп дұға қылыпты. Жау тұманнан көзінің алдындағыны көруден қалады, жүректері дауаламай, кері шегініп, қашқан екен. Осы оқиғадан кейін құрдастары, жеңгелері «дамбалын шешіп, жел шығарып, тұман ғып жіберіпті, содан дұшпан адасып кетіпті» деген қауесет таратқан. Сөйтіп, «Көтімылтық» атанып кеткен», - дейді Айтқожа.
Қызылорда қаласының тұрғыны, әулиелердің өмірін, хикаяларын зерттеуші Сырым Әбіштің айтуынша, Пірзада қожа шынымен де жел жіберіп, жауды бағытынан жаңылыстырған-ды.
«Әулие деген – Құдайдың сүйікті әрі ерке құлы. Олар адамның ойына келмеген небір кереметті жасайды. Сондықтан, Пірзада бабаның кереметіне таңғалудың қажеті жоқ», – дейді.
"Көтімылтық" әулиеге киелі орынның екі бірдей жеріне белгі қойылған. Көпшілік Пірзаданы Қожжан, Қылыш атаның жанына, бір кесененің ішіне жерленген деп біледі. Екінші нұсқаға келсек, Пірзада қожа кесененің сыртында, яғни одан 15-20 метрдей аралықта сүйегі жатыр делінеді. Шырақшы Ғарифолла Әбіласанов мұны былай түсіндірді: Көзі тірісінде бабамыз «Менің көңілім қазақтың дархан даласындай, сондықтан сүйегім түзде жатады. Ал ағаларым бір-бірінің шалғайын басып, күмбездің ішінде жатар», – деп болашағын болжаған. Қазір сонда белгі-құлпытас қойылған.

Сонымен қатар, киелі орынның шырақшысы Қожжан, Қылыш, Пірзада бабалардың заманынан қалған, солар пайдаланған ыдыс-аяқтарын көрсетті. Бұл мұралар осы дәуірге дейін ұрпақтан-ұрпаққа өтіп, сақталған екен.
 







13 қаңтар 2019 ж. 1 527 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930