Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Келісіп күресу, ұлт тамырына балта шабу

Келісіп күресу, ұлт тамырына балта шабу

– Қане, біз де күресейік... Сен жығыл мен өтірік жыққан боламын. Бәйгені бөліп аламыз, жарайма?!
– Кетші-еей!
– Бізді мында ешкім танымайды, неден қорқасың?
– ...
– Мейлі сен жық, мен-ақ жығылайын... Бірақ, есіңде болсын, бәйгені бөліп аламыз!
Атақты кинорежиссер Абдолла Қарсақбаевтың «Менің атым Қожа» филіміндегі әпенді Сұлтан мен ұрыншақ Қожаның осы бір белдесер алдындағы диалогі барлықтарыңыздың естеріңізде болар. Дәл сондай келісіп күресу бүгінгі қазақ күресінің айналасында жүрген балуандардың арасында белең алып бара жатқандай. Оны біз қазақы салтпен бабасына арнап ас беріп, артынан ұлан-асыр той жасап, балуандарын белдестіріп, шабондоздарға көкпар тартқызатын жиын-тойлардан көптеп байқап жүрміз. Жігіттердің бұндай ұпынсыз әрекеттері ақтық сында көрініс тауып жатса қош дейсің. Бірақ, әуелден көздегені көк қағаз болған балуандардың жеребе тартылмай жатып, күні бұрын оң жамбасына келетін әлсіз қарсыласты таңдап алып, жүлдеге жету жолында неше түрлі айла-тәсілді қолданулары қызық көруге келген көрерменнің көзайымына емес, керісінше қынжылысын алып келуде. Ауданда танымал болып қалған балуандарды айтпағанның өзінде, бүгінде әр өңірлерден шығып жатқан барыстарымыздың белдесулерінен де осындай олқылықты байқап жүрміз. Оны былтыр Атырау қаласында кең көлемде ұйымдастырылған түйепалуандардың тартысты турнирінде көрдік. Ақтық айқаста республикаға ғана емес, ТМД-ға танымал қос балуаның келісіп күресіп жатқанын білген жанкүйерлер ашу-ызаға бой алдырып, қолдарындағы неше түрлі заттарын ортаға лақтырып, соңында екеуін залдан қуып шыққанын әлеуметтік желі арқылы тарап кеткен видеолардан көрген едік.
Бір қызығы, келісіп өнер көрсету дерті өзіміздің ұлттық спорт ойындарымызда көптеп кездесіп жатыр. Мәселен, күрестен бөлек көкпар мен ақындар айтысының айналасында да осы келісіп алушылық мәселесі көп. Сонымен қатар, бұл дерттің командалық емес жеке-дара сайыстардан жиі байқауға болады. Болашаққа рухани жаңа, тұнық санамен сапар жасаймыз деп жатырмыз. Ал, сананың дұрыс қалыптасуы үшін бірінші кезекте қазақы салт-дәстүр мен ұлттық ойындарымыздың төңірегінде тазалық болуы шарт. Сөз соңында айтпағымыз, көкпар ойынында «тақымыңдағы көкпарды әкең келсе де берме» деген қағида бар. Дәл осы қағида бүгінгі біздің ұлттық ойындарымыздың ортасында жүрген әрбір спортшы мен ақын өнерпаздарымыздың нақты ұстанымына айналуы тиіс. Өйтпеген жағдайда, ұлттығымыздың айнасына айналған күрес, көкпар, айтыс секілді ойындарымыз қоғамда мәртебесі жоғалтып, жекелеген адамдарға жұмыс жасап кетуі бек мүмкін.
Елдос Жүсіп.
21 шілде 2018 ж. 886 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930