АНАДАН АДАМ ТУМАЙДЫ ТӘКАППАР БОЛЫП
«Анадан тумайды ешкім тәкаппар болып,
Туса да шатақтау болып
Өзіміз өзгертеміз атақтар беріп».
Әдемі бір әуендегі осы өлең жолдары өзімсіген, көкірегіне күлше піскен, «атағына» ат семірген кейбіреулердің келбетін көрсетіп-ақ тұр. Қажеттілік пен құндылықтың аражігін ажырата алмай жүрміз ба деймін кейде?
Қарапайымдылықты надандыққа, сараңдыққа балап барамыз бүгінде. Қарапайым адам әлеуметтік топтың ең төменгі сатысы ретінде саналатын дәрежеге жеттік. Бүгінгі күннің басты талабы біреуден асып түсу. Қазақ қоғамы барынша даңғазалыққа ұмтылып, даңғойлыққа талпынып жатыр. Кішігірім атаулы күнді ұлан-асыр тойға айналдыру өміріміздің бөлінбес бөлшегіне айналды. Біреудің сол тойды ауыз толтыра мақтап айтуы үшін барымызды саламыз. Несие алып неке қиямыз, қарыз алып қымбат көлік мінеміз, айлар бойы жинаған ақшаға айфон алып езу тартып, мәз-мейрамбыз.
Хәкім Абайдың өсиеті ада қалып, «малшашпақтықтан» қашудың орнына оған барынша ұмтылып жатырмыз. Қазақстан халқы қайырымдылық жасаудан әлемдегі елдер ішінде 107 орынды иемденеді. Есесіне қымбат көлік мінушілердің ішінде алдыңғы 30-дықтың қатарында.
«Пәленшеден» пәлен есе асып түсіп, «түгеннің» тойында болмаған тортты жасатып, «кімнен кімбіз» деген қате түсінік пен ысырапшылдыққа ырық бердік. «Жиғаның тойға шашылсын» дегенді желеу етіп қоямыз тағы. Дұрыс-ақ, жиғанымыз тойға шашылсын бірақ, төкпей шашайық. Ешкімнен кем емес екендігімізді көрсетейік бірақ, даңғазалықпен емес. Кемеңгер Абайдан асырып айта алмасымыз анық. Абай атамыз алшақ бол деген «малшашпақтық» бүгінгі күннің көрінісі. Заманның заңғар жазушысы М.Әуезов «Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін нәрсе – білім» дейді. Демек, одан басқамен тең түсіп, яки асып түсем деудің бәрі бекершілік.
Түлектердің мектеп бітіру кешінің өзі шығынды шаш етектен талап етеді. Көліктер кортежі, мейрамхана мәзірін көріп мектеп түлегі емес, «Оксфорд» университетін бітіріп келді ме дерсің. Бұл ұлан-асыр тойлар қаржы шығынын ғана емес, адам шығынын да келтіріп жатқанын естіп, көріп жүрміз. Алайда, сабақ алуға асықпаймыз. Абай Құнанбаев айтқандай, «Адам өмірге келген сәтте жесем, ішсем деп емес, оқысам-тоқысам деп тууға тиіс». Иә, өмірдің қызығын көру керек. Қолдан келсе зәулім үйде тұрып, қымбат көлікті тізгіндеп, әсем киініп, әдемі сәнденіп жүргенге не жетсін? Ол өмірдің заңдылығы. Алайда, бұл заттарға құндылық ретінде емес, қажеттілік ретінде қараған дұрыс.
Қазақ қоғамының қазіргі көрінісі менің есіме ежелгі Помпей қаласын түсіреді. Помпей бай, қуатты, күшті және атақты қала болғаны әлемге мәлім. Алайда, құндылықты ұмытып, құнсыздың қадірін арттырып, ысырапшылдықты серік қылған Помпей Құдай-дың қарғысына ұшырап, бір күнде жоқ болыпты-мыс. Аңыздар солай дейді.
Хеопс пирамидасын салдырған перғауындар да өздерін Құдайға балап, бір шаһар салатын орынға, шошақ бөріктің төбесіндей шошайған пирамиданы қан мен тердің арқасында тұрғызып, атын әлемге әйгілепті. Алайда өзін Құдайға теңеген күнәһарлардың күнәға толы хикаясын бүгінгі таңда тек қана Мысыр құмы шертіп жатыр. Шертіп жатқан жыры да жағымды емес. Перғауыннан үлгі ал демейді, ысырапшылдық символынан аулақ бол дейді. Ысырапшылдық арқасында перғауынның тарихта алған әділ тағы осы.
Мен халқымның Помпейдің кебін киіп, перғауын тағдырының аяғын құшқанын қаламаймын. Үлкен үй, қымбат көлік, әсем әшекей, көркем киім бұл – қажеттілік, ал тіл, ұлт, отан, дін мен діл бұл – құндылық. Аражігін ажыратып, қажеттілікті, құндылықты аялау жолында жұмсай білсек, өміріміздің мәні еселене түсер еді.
Бақытжан МӘДЕНОВ.