Еңбегі еленген жандар
«Елу жылда – ел жаңа, жүз жылда – қазан» деген рас сөз екен. Аспандағы күннен басқаның бәрі өзгеріп жатыр. Тіршілік көзі күн ғана сол күйі. Өмір-өзен тоқтаусыз ағып, жан-жағын қармап, алаңсыз алға ұмтылуда. Соған сәйкес заман да өзгеріске ұшырап, адамдарына дейін басқаша болып кеткендей көрінеді өз басыма.
Әлемді уысына ұстап тұрған СССР-де, КСРО-ны айтам, ол да күйреді. Ғасырлар бойы бодан болған қазақ елі бостандыққа жетіп, Тәуелсіздікке қол жеткізді. Кешегі ен даламызды билеп-төстеген отарлаушылар да ұмытыла бастады. «Тарих қойнауында жатқан батыр бабаларымыз «оянып», олармен, ұлттық салт-дәстүрлерімізбен қайта қауыштық. Елден безген ерлеріміз еске түсіп, оларды да іздей бастадық. Ұлт-азаттық көтерілістер жайлы, Алаштың арыстары туралы тарихшыларымыз шындықты жеткізе бастады. Ортамызға түркі әлемінің көсемі, түркі мұсылмандарының аса ірі тұлғасы Мұстафа Шоқай жарқ етіп, жарық жұлдыздай оралып, елді, Қазақстанды, туған жерін шиеліліктерді қуантты. Ел де, жер де жаңарды. Осыдан 90 жыл бұрын құрылып, Скоблев деген орыс генералының атын жамылып, Скоблев поселкасы атанған, кейін шиедей құлпырып, бүгінде көрікті үлкен елді мекенге айналған Шиелі кенті баршамыздың жүрегімізде. Ол – бізге сондай ыстық. Іс-сапарда бір апта жүрсең, Шиеліні сағынасың, аңсайсың. Пойыздан түскенде «Шіркін, өз үйім, боз үйім» деп, туған жердің саф ауасына тоймай, жұта бересің, жұта бересің, жұтына бересің. Шиелі біздің әкеміз секілді. 90 жасқа келген әкесін кім жақсы көрмейді. Жасымыздан бізге пана болған, дара болған, дана болған – Шиелі бұл. Аялы, саялы мекен-жайда кім тұрмады, кім келіп-кетпеді? Анамыздың ыстық құшағында бүк түсіп жатқандай, бәріміз де осы киелі топырақта жаратылдық, туып-өстік, өркендедік. Ауданның 90 жылдығына орай жазылған алғашқы мақаламды мен дәрігерлерден, өмір сақшыларынан бастасам дедім. Өйткені, мемлекеттің басты байлығы – адам десем, ұлт саулығын сақтайтын, адамдардың, біздің келешек ұрпағымыздың денсаулығын жақсартатын осы саланың қызметкерлері.
1954-56 жылдары әкем Әзімхан Исмаилов аудандық партия комитетінің қызметкері болып, біздің үй бұрынғы Ленин, қазіргі М.Шоқай көшесінің бүгінгі аудандық ішкі істер бөлімінің ғимаратына қарама-қарсы тұратын. Біз ойын баласымыз. Көршілермен әке-шешеміз араласады. Оның үстіне ауылда өскенбіз. Сонда мен «доқтыр» (доктордан шығарған шығар) деген сөзді алғаш естідім. Сөйтсек көршіміз доқтыр екен. Оны Шиелі тұрғындары «Ақбас» доқтыр деп атап кетіпті. Бойы биік, еңгезердей орыс дәрігер болатын. Дәрігер деген сөз де кейін пайда болды ғой. Докторлап жүріп оған да жеттік. Бала көңіліме сол кезде Шиелідегі бар адамды осы орыс доктор бір өзі емдеп, укол салатындай көрінетін. Аудандық аурухананың «Гигант» елді мекенінде орналасқанын, теміржол бойында да сондай мекеменің барлығын есейе келе біле бастадық. Қазіргі аудандық кітапханалар жүйесі, білім бөлімі жайғасқан ғимараттардың бәрі – теміржол емханаларының орындары болатын. Дәрігер ауру үшін де, дені сау адамдар үшін де – қадірлі, қасиетті мамандық. Ежелден аян, денсаулығы жоқ ана дүниеге жөнді бала әкелмейді, ал денсаулығы нашар бала ел болашағы бола алмайды. Сондықтан да, философ, көреген, кемеңгер қазақ бабаларымыз «Бірінші байлық – денсаулық» депті. Енді біліп жатырмыз, сонау 1954 жылдан (өмірінің соңына дейін 1984 жыл) 30 жыл ауданымыздың денсаулық саласының бас дәрігері, аудандық денсаулық сақтау бөлімінің басшысы болып, скальпелі өткір хирург
Исмайыл Кәрімбаев қызмет атқарған. «СССР-дың денсаулық сақтау ісінің озық қызметкері», Ұлы Отан соғысына қатысып, «Қызыл жұлдыз» орденін алған, бейбіт өмірде қажырлы еңбегімен «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерін кеудесіне қадаған, Шиелі халқының сүйікті де қымбат, құрметті азаматы болған. Ол көптеген ізбасарларын тәрбиелеп, халықтың денсаулығы жолында бар тәжірибесі мен білімін жұмсаған, бөліскен белгілі, үлгілі дәрігер еді. Көзі тірісінде жайсаң жігіттер, кереметтей дәрігер қыздар атанған бауырларымыз қазір арамызда жоқ. Олар келместің кемесіне мініп кеткелі қашан. Бірақ, өмірден кетсе де, көңілімізден кетер емес. Исмайыл ағасының орнын басып қалған, бас дәрігер болған, маңдайы жарқыраған балалар хирургі Өтеген Жәленов, өзінің сымбатымен әйгілі, қолы жеңіл хирург Жәкен Махамбетәлиев, «ымға түсінбеген, дымға түсінбейді» деп тұратын хирург Дмитрий Ли, білгір, маңғаз фтизиатор-дәрігер Мыңжасар Болатов, елгезек невропатолог Захида Байдуллаев, марқасқа анестезиолог Баймағанбет Оспанов, қолы батыл стоматолог Амангелді Айтуғанов, жігіттің төресі, жөтел-өкпе ауруының желкесін үзген Төрехан Сексенбаев, байсалды терапевт-дәрігер Данияр Үмбетов, шебер рентгенолог Гүлдана Үмбетова, бас дәрігердің орынбасары болған, кейін «алтын инемен» көптің алғысына бөленген Иманғали Әбдіхалықов, аңқылдаған алғыр дәрігер, рентгенолог Шәймерден Ташов, әзілқой хирург Ахметулла Базарбаев, аурухананың ағасы атанып, кәсіподақтар одағының ұзақ жыл төрағасы қызметін атқарған Қани Құрманаев, жедел істердің білгірі, хирург Иван Кәрімов, гүл жайнаған ару балалар дәрігері, педиатор Бибінұр Махамбетәлиева, аудандық СЭС мекемесінің бас дәрігерлері болып қызмет жасаған Алла Семеновна Старцева мен Бөгенбай қажы Есіркепов, жұқпалы дерттердің көзін жойған, Шиелі ауданының «Құрметті азаматы» білікті дәрігер Серік Мәуенов, аудандағы №34-ші жалғыз дәріхананың қайырымды, мейірімді меңгерушісі атанған фармацевт-дәрігер Ердәулет Оразбеков, «Бәйгеқұм» ауылдық ауруханасын басқарған жоғары дәрежелі терапевт Бектас Тоқсанбаев пен білімді, үндемес хирург Әпсат Әбуовтар кешегідей көз алдымызда. Өмір солай. Ортамыздан бір ауыл көшіп кеткендей.
«Өлі риза болмай, тірі байымайды» сөзі өлі жандарға ғибадат жаса, құран бағыштап, құрмет көрсетіп жүр, оларды үнемі есіңе алып, ұстаз сана, аға-апа тұт дегендей көрінеді. Өмір, әрине, тоқтап қалмайды. Дәрігерлердің жаңа легі келіп, аудан халқының денсаулығына араша түседі. Бүгінгі медицина дамыған, жаңарған, жаңғыруға көшкен, ақылды медициналық аппараттар мен техникалар, технологиялар қоршаған, қызметкерлері қазіргі заман талабына, мәдениеті мен өркениетіне сай, лайықты, білікті де білімді, сөздері де, қолдары да шипалы, ем-домдары қона қалар денсаулық саласына айналған. Қазіргі тілмен айтқанда, «Амбулаториялық-емханалық қызметі бар Шиелі аудандық ауруханасының» бас дәрігері Яхия Шорабаев, оның орынбасарлары Бақтыгүл Мұсағалиева, аудандық мәслихат депутаты Қазыбек Шәукебаевтар бастаған денсаулық сақшылары шиеліліктердің саулығын сақтауда аянбай тер төгіп келеді. Олардың ішінде бас дәрігердің орынбасары болған стоматолог-дәрігер, зейнеткер Ыбырай Ахметов, ардагер, уролог-дәрігер Кентай Мәдиев, зейнеткерлер: медицина саласының ардагерлер Кеңесінің төрағасы, стоматолог Амангелді Әбдірахманов, педиатор Ұлтай Әбдірахманова, тері-венеролог Рыскүл Әйменова, Лидия Субоковна Сексенбаева, СЭС-ті басқарған Құлахмет Сұлтанов, педиатор Рая Көзденова, терапевт Саламат Қарабұзауова, көз дәрігері Қыдырбай Айтмаханов, терапевт Сейткамал Исламов, анестезиолог Жанұзақ Нұрекеев, аурухана босану бөлімінің меңгерушісі, аудандық мәслихат депутаты болған Гүлзабида Ізбасқанова, инфекционист Гүлжан Құрманғалиева, аудандық «Жарты Ай» және «Қызыл крест» қоғамының төрағасы қызметін абыройлы атқарған, залалсыздандыру дәрігері Бердібай Түменбаевтар еңселі еңбектерімен аудан тұрғындарына танымал болған ардагерлер. Сондай-ақ, халыққа қалаулы дәрігерлеріміз, аурухана бас дәрігерінің орынбасарлары болған, аудандық мәслихат депутаты, анестезиолог Нұрлан Әміров, терапевт Нұржамал Кәрімова, терапевт Рая Рәшбаева, аудандық денсаулық сақтау бөлімінің басшысы болған, стоматолог Самат Асқаров, хирургия бөлімінің меңгерушісі Бақытбек Жамантаев, жансақтау бөлімінің меңгерушісі Берік Болатов, терапевт Бақыт Исмағұлова, рентгенолог Лашын Дүйсеманов, педиатор Ирина Сергеевна Ким, терапевт Бимария Халықбергенова, тері-венеролог Шахмардан Смайылов, трамватолог Қойлыбай Бекпейісов, окулист Светлана Есболова, терапевт Төрехан Бектегенов, аты жер жарған гинеколог Базарбай Үмбетов, хирург Сәулетхан Рәшбаевтар әлі күнге қызметтерін жалғастыруда. Сонымен қатар, кейінгі толқын жас дәрігер мамандарға сеніммен әрі қызыға қараймыз. Медицина қызметкерлерінің мезгілсіз күндіз-түнгі еңбектері бәріміздің жадымызда. Гиппократтың адамгершілік заңына ант беріп, серт жасаған ақ халатты абзал жандар аудан тұрғындарына мінсіз қызмет жасап келеді. Олардың адамдарға жасап жатқан ұшы-қиырсыз еңбектері Алладан қайтсын. Олар – туған жері мен еліне бар ғұмырларын арнады. Ұрпақ сабақтастығы жалғаса береді. Солардың ішінде бізге қымбат, тонның ішкі бауындай боп кеткен дәрігерлердің өмірден өткендері есімізде мәңгі сақталады. Жүргендеріне ұзақ ғұмыр, бақыт тілейміз. Кешегі күн – бүгінгі тарих.
Өркен ИСМАИЛ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі.