Ауыл спортына жан бітірген жаңғыру
Спорттың өрісі кең, бәсекесі қатал. Бірақ үлкен жетістіктің бастауы міндетті түрде зәулім аренадан басталмайды. Кейде ауылдың қарапайым стадионында алғаш доп тепкен баланың арманы тұтас елдің абыройын асқақтатар жеңіске ұласуы мүмкін. Сондықтан ауылдағы спорт нысанын жаңғырту арқылы жас ұрпақтың мүмкіндігіне жол ашып, бұқаралық спорттың тынысын кеңейте аламыз.Өткен сенбіде Бидайкөл ауылында жаңғырту жұмыстарынан өткен стадион ел игілігіне берілді. Салтанатты рәсімге аудан әкімі Айтбай Жандарбеков, ауыл тұрғындары, спорт ардагерлері мен жастар қатысып, көптен күткен игіліктің ашылу қуанышымен бөлісті.
Аудан әкімі құттықтау сөзінде бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын қалыптастыруға назар аударды.
– Баршаңызды Бидайкөл ауылындағы жаңарған стадионның ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – ауыл тұрғындары мен жастар үшін үлкен қуаныш. Ауданда бұқаралық спортты дамыту және спорт инфрақұрылымын жетілдіру бағытында бірқатар игі жобалар жүзеге асырылуда. Бүгін сол бастамалардың жалғасы ретінде Бидайкөл ауылында тағы бір маңызды нысан ел игілігіне беріліп отыр. Жаңарған стадион ауыл жастарының спортпен шұғылдануына, салауатты өмір салтын ұстануына және жаңа жетістіктерге жетуіне мүмкіндік береді деп сенемін. Спорт алаңында талай жарқын жеңістер мен толағай табыстарға куә болайық!» – деді Айтбай Жандарбеков.
Айта кетейік, Бидайкөлдегі стадионның жаңғыруына «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясына қарасты «РУ-6» ЖШС демеушілік қолдау көрсеткен. Жобаның құны 44 миллион теңгені құрайды. Бұл – өндіріс орындарының әлеуметтік жауапкершілігі сөз жүзінде қалмай, жергілікті халықтың игілігіне бағытталғанының бір көрінісі десек те болады.
Әсіресе ауыл баласының спортпен айналысуына жағдай жасау – уақыт күттірмейтін мәселе. Өйткені таланттың ауылда туып, мүмкіндіктің қалада қалуы дұрыс емес. Спортқа бейімі бар баланың жаттығатын алаңы, қабілетін шыңдайтын жағдайы болмаса, оның үлкен арманға жетуі де қиындай түседі. Ал жаңарған стадион осындай кедергілерді азайтып, ауыл жастарына өз мүмкіндігін көрсетуге жол ашады.
Салтанатты рәсімде нысанның жаңаруына және спорт саласының дамуына үлес қосқан азаматтар аудан әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Ресми бөлімнен кейін футбол турнирі басталып, аудан әкімі Айтбай Жандарбеков жасыл алаңда алғашқы болып доп теуіп, жарыстың ашылуына белгі берді.
Стадионның есігі ашылған соң, оның жұмысы да қыза түседі. Нысанды күтіп ұстау, спорттық үйірмелердің жұмысын жүйелеу, жасөспірімдерді тұрақты жаттығуға тарту – алдағы уақыттың маңызды міндеттері. Бүгінгі жаңалықтың түпкі мәні де осында. Ауылда спортқа жағдай жасалса, ауыл баласының арманына да шекара қойылмайды. Бидайкөлдің жаңарған стадионы талай жас таланттың тұсауын кесіп, талай жеңістің куәсіне айналарына сенеміз.
Г.Әбдіханиқызы








