Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚАЙРАТ ҚАЙНАП, РУХ ОЯНҒАН АЛАҢ

ҚАЙРАТ ҚАЙНАП, РУХ ОЯНҒАН АЛАҢ

Жақында Шиелі ауданындағы «Тәуелсіздік» спорт кешенінде жастар арасында қазақ күресінен тартысты турнир өтті. Ұлттық спортты дәріптеп, жастарды бұқаралық спортқа тартуды мақсат еткен жарысқа 80-нен астам спортшы, жаттықтырушылар мен күрес жанкүйерлері қатысты.


Бүгінде Шиелі ауданында спорт саласын дамытуға, жастардың спортпен тұрақты айналысуына және бұқаралық спортты кеңінен насихаттауға басымдық беріліп келеді. Ауданда түрлі спорттық жарыстардың жүйелі түрде ұйымдастырылуы – тұрғындардың салауатты өмір салтына деген қызығушылығы артып, спорттың аудан өміріндегі маңызының күшейіп келе жатқанын көрсетеді. Жарыстың ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Б. Ысмағұлов сөз сөйлеп, спортшыларға сәттілік пен жеңіс тіледі. Өз сөзінде ол жастардың спортпен шұғылдануы – олардың денсаулығын нығайтумен қатар, бойындағы тәртіп, табандылық, жауапкершілік пен жігерді қалыптастыратын маңызды бағыт екенін атап өтті. Сонымен қатар ұлттық спорт түрлерін дамытуға ерекше мән берудің қажеттілігіне тоқталып, қазақ күресі сынды төл спортымыздың жас ұрпақ тәрбиесіндегі орны айрықша екенін жеткізді. – Жастардың спортқа қызығушылығы – ауданымыздың болашағы үшін маңызды көрсеткіш. Бүгінде спортпен айналысуға ниетті жастардың қатары көбейіп келеді. Біз үшін бұқаралық спортты дамыту, жас спортшыларға қолдау көрсету және олардың өз қабілетін шыңдауына мүмкіндік жасау – маңызды міндеттердің бірі. Себебі спортпен шұғылданған жас – тәртіпке, еңбекке және жеңіске ұмтылуға бейімделеді. Ал ұлттық спортты насихаттау арқылы біз жастардың бойына елдік рух пен ұлттық құндылықтарды сіңіреміз, – деді ол. Боз кілемдегі белдесуде жас балуандар өздерінің шеберлігі мен дайындығын көрсетіп, жеңіске деген жігерлерін танытты. Әрбір белдесу – спортшының күшін ғана емес, сабыры мен төзімін, намысы мен рухын сынға салған тартысты сәттерге толы болды. Мұндай сайыстардың басты мәні – жеңімпазды анықтаумен ғана шектелмейді. Бұл – жастарды спортқа тартудың, салауатты өмір салтын қалыптастырудың, ұлттық спортты ұлықтаудың және өскелең ұрпақтың бойында отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастырудың маңызды алаңы. Қайраты қайнап, рухы оянған жастардың әр белдесуі – Шиелідегі спорттың жаңа тынысын танытады. Салауатты ұрпақ – қуатты қоғамның тірегі. Ал спортқа бет бұрған жас – ел болашағына жасалған берік қадам.

Айнұр ИБРАШЕВА
01 қыркүйек 2026 ж. 18 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№66 (9433).

01 қыркүйек 2026 ж.

№65 (9432)

29 тамыз 2026 ж.

№64 (9431)

25 тамыз 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930