Мерейлі тойдағы дүбірлі дода
Жері – ырысты, елі – күрішті Шиелі ауданының тарихы бір ғасырға жуықтаса, іргесі аудан орталығына жақын орналасқан елді мекен – Алғабас ауылының құрылғанына да 100 жыл толды. Жуырда ауыл халқы мерейлі тойды атап өтіп, дүбірлі думан әуе доп бәсекесіне ұласты.Алдымен ауыл тарихын қысқаша баяндауды жөн көрдік. Бұрын Ленин атындағы колхоз атымен аталған ауыл казіргі Алғабас ауылының іргетасы 1926 жылы «Тораңғыл Қақ» көлінің жағасында 15 үй кедей батырақтардан артель болып ұйымдастырылған. Артельдің бастығы – Ақпанбет Аханбасов, секретары – Әуез Есімов, бас есепші – Әбдіхамит Әшіров және мүшелері Баршагүл Жәрменова, Жарас Сейдахметов, Шайық Қалқаев, Әуез Ермаханов, Төребек Тұрғанбаев, Доскен Баубеков, Жарылқасын Әміров, Бахадур Әміров, Құлмырза Қалымбетов, Ахмет Ерімбетов, Жаңабай Исаханов, Үсен Жаманқұлов тағы басқалары болған. Осындай арда азаматтардың ерен еңбегінің арқасында ауыл халқының ынтымақ-бірлігі ажырамай, дамудың даңғыл жолына түседі. Атакәсіп болған егіншілік пен мал шаруашылығын жандандырып, елдімекеннің бір ғасырға жуық уақытта өсіп-өркендеуі қарқын алған. Бұл осы өлкенің шежіресін қалыптастырып, оның дамуына ерекше үлес қосқан туған жер перзенттерінің қажырлы еңбегінің нәтижесі екені сөзсіз. Тарихты түгел жазу мүмкін емес.
Енді бүгінгі ғасыр тойына ойыссақ. 100 жылдық тарихы бар ауылдың жастары бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып үлкен спорттық іс-шараны өткізді. Аудандағы үлкен кешенде алдымен ашылу салтанаты өтті. Аты мәшһүр айтыскер ақын Кенжебай Жүсіповтің төл шәкірті Еламан Кенжеш ауылына арнау айтты. Одан кейін Шиелі ауданының құрметті азаматы, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Қызылорда облысының құрметті ардагері, ҚР Журналистер одағының мүшесі Айжамал Әбдіхамитқызы, спорт ардагері Әбілда Ибраевтар сөз алып, іс-шараны ақ тілегімен ашып берді. Сонымен бірге мектеп директоры Үсен Ахметов пен мектеп мұғалімдері қатысты.
Айта кетейік, спорттың көшін алға сүйреп жүрген Алғабас ауылының төл перзенті Ернар Сәдуақасовтың шәкірттері. Айжамал апаның ұлы Ернар – бүгінде Шымкент қаласындағы «Парасат» колледжінің дене тәрбиесі пәнінің оқытушысы. Өзі – талапты жастарды спортқа баулып жүрген білікті бапкер. Ауылының тойына арнайы келген Ернар мектеп оқушыларына да 20 спорттық форма ала келді. Бұл – ауылдың талапты жастарына деген жанашырлық. Сонымен бірге Шымкентте өткен отбасылық сайыста бас жүлдеге ие болса, «Үздік тренер» деген номинацияны иемденген. 12 құрама қатысқан байрақты бәсекеде Ернардың ауылдан жасақтап шығарған шәкірттері топ жарды. Айта кетсек, І орынды Алғабастың бірінші құрамасы иеленді. Жүлде қоры – 250 мың, ІІ орын «Алғабас жастарына» (жүлдесі 200 мың) бұйырды. Қызылордадан келген «Достар» құрамасы ІІІ орынды (150 мың) еншілесе, ІV орынға тігілген 50 мың теңгені «Телікөл» құрамасы алды. Одан бөлек, үздік ойын көрсеткен құрамалар да арнайы номинациялармен марапатталды.
Осындай спорттық іс-шараны ұйымдастыруға Айтбек Шүленбаев, Ернар Садуақасов, Өркен Абсаматов, Нұрсағат Шайхиев, Саят Басхожаев, Шоқан Асанұлы, Қанатбек Құрақбаевтардың еңбегі көп сіңді.
Алғабас ауылының азаматтары жасампаздық қуат пен күрескерлік рухты өмірінің алтын өзегі еткен, өмірден қыршын кеткен арда азаматтарының есімдерін ұлықтап, оларға тағзым жасап, үлкен шараны жоғары деңгейде өткізді. Ауылын көріп, азаматын таныған елдің ұрпағымыз. Ұлттық болмысты ұлықтаған, салт-дәстүрді ұмытпаған киелі өлкенің атқа қонған азаматтары жасай берсін! Құтты мекен саналған Алғабас ауылының ажары таймасын!
Ш.ТІЛЕУБАЙ








