Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауылым-алтын бесігім, мәңгілік есте есімің

Ауылым-алтын бесігім, мәңгілік есте есімің


ХХ ғасырдың басында ұшы қиыры жоқ, басында үйі, сор даланы кезіп жүрген аты аңызға айналған, құралайды көзге атқан, бар байлығы берен мылтығы Дінше деген мерген болыпты. Бір күні дала кезіп келе жатса аты кілт тоқтай қалады. Не болды екен деп артына бұрылып қараса алып айдаһар аузын ашып келе жатқанын көреді де, кездеместен атып салады. Дөп тиген оқтан құлап жердің шақырымға жуық жерінің көбі жапырылып қанға боялған екен деп әкелеріміз жыр етіп айтып отыратын. Рас, өтірігін кім білсін, сол айдаһар Сырдың бойындағы соңғы айдаһар екен.
Әр өлкенің өзіне тән тарихы, іргесін қалаушы азаматтары болады. Ғасырға жуық тарихы бар бүгінгі Алғабас ауылы да талай жанды түлетіп, ел қалаулыларын дүиеге әкелген құтты мекен. Ауылдың іргетасы 1926 жылы қазіргі кірпіш зауыты орналасқан «Тораңғыл Қақ» көлінің жағасында 15 үй артель болып ұйымдастырылды. Артельдің аты «Еңбек», басшысы Ақпанбет Аханбасов, хатшысы Әуез Есимов, бас есепші Әбдіхамит Әшіров, мүшелері Баршагүл Жәрменова, Жарас Сейжахметов, Шайық Қалқаев, Әуез Ермаханов, Төребек Тұрғанбаев, Доскен Баубеков, Жарылқасын Әміров, Сүлеймен Боранбаев, Досман Орманов, Бахадүр Әміров, Ілияс Битабаров, Рахман Орақов, Құлмырза Қалымбетов, Жаңабай Исаханов, Дәукен Баймаханов, Аят Тәжібаев, Үсен Жаманқұлов, Дәулетияр Көтібаров, Ахмет Ерімбетов, Ділмұрат Рахметов тағы басқалары болды. Колхоз орталығы тұрған жерге 1928 жылы Құмжармада отырған бірнеше үйі бар «Еңбек», «Қоғалы» артельдері құрылып, жыл соңында олар «Алғабас» колхозы болып бірікті.
1930 жылы «Алғабас» колхозынан «Үлгілі» колхозы бөлініп шықты. Бұл екі колхоз «Бестам» ауылдық советіне қарады. 1934 жылы колхоз мақта егумен айналысты. 1950 жылы «Алғабас», «Қызылдихан» колхоздары қосылып Ленин атындағы колхоз болып аталды. Осы кезден бастап колхозда жылдан-жылға шаруашылықтың барлық саласы қарқынды дамыды. Ел ризығын жинауда мал шаруашылығында ерен еңбектерімен көзге түсе бастаған азаматтардың саны көбейді. Ленин орденімен марапатталған шопан Бәйділдә Оралбеков, жүргізуші Шайқы Қайырбаев, «Нұртаза бауы» мен орталық көшелерді көгалдандыру мақсатында ағаштың барлық түрлерін егіп көгерткен Асанбай Назаров сынды ағаларымыздың аты аңызға айналды.
Жауынгер жазушы Б.Момышұлы «Ел дегенде елжіреп, жұрт дегенде жүгіріп қызмет ет» дегендей туған жердің топырағына барын салған, қысы-жазы дамыл таппайтын аналарымыз, әжелеріміз, ағаларымыз бұл күнде сағымға айналса да, ойдан шыққан емес.
Сондай бір азаматтың бірі, өмірінің соңына дейін ел тілеуін тілеп, ақ батасын беріп өткен Бексұлтан Асанбаев еді. Ол, 1954-55 жылдары Түркістандағы ауыл шаруашылығы механизаторлық учелищесін бітірген бойда, трактор руліне отырып, колхоздың кез келген жұмысына кірісіп кетті. Елгезек екі айтқызбайтын, тынығуды білмейтін, бар ынтасымен техникаға деген асқан құмарлығымен көп нәрсеге қол жеткізді. Қай кезде де оза шапқандардың еңбегі жоғары бағаланады. Бексұлтанның бейімділігін, адалдығын, еңбекқорлығын ауыл басшылары қуана қолдады. Халықтың қалаулы азаматы атанды.
Колхоз іріленген сайын табыс та молайды, ірі қара 4500 басқа жетті. Мемлекетке астық сатудан басқа ауылда көш ілгері жүрді. 1987 жылы мемлекетке 127 000 ц астық, оның ішінде күріш 116,500 ц, бидай 10,500 ц, картоп 60 ц, көкөніс 200 ц өнім алып, ет пен сүт сатудан да жоспар мерзімінен бұрын орындалып отырды. Осы уақыттар ішінде зор жетістіктерге жету жолында көш бастаған білікті басшылар К.Ботабаев, Ә.Исмаилов, М.Рахметов, С.Әбішев, Ш.Қалымбетов, С.Арыстанов, Ж.Рысманов, М.Садықов, Т.Рүстемова, Ш.Қалдыбаев, Г.Құлмырзаева, Н.Жанжігітовтердің еткен еңбектерінің жемісі.
Мұның барлығы маңдай термен келген молшылықтар. Тек қана ер азамттарға қарап отырмай, солармен қатар жүріп ел ризын тасытуда аналарымыз бен апа-сіңлілеріміздің де есімін айтпай кетуге болмайды. Отыз жылға жуық темір тұлпарды тізгіндеп КА-700 тракторын жүйткітіп егіс даласында қара жердің қыртысын қайыра аударған А.Ыбыраева, белшеден су кешіп, күріш егіп баптаған Н.Қалымбетова, А.Жүсіпова, К.Садықбекова, К.Жолдыбаева, К.Әбдіхамитова, Қ.Манатбаева, Г.Досманова, колхоздың есеп қисабын жүргізуші Н.Отызбаева тағы басқа қыз-келіншектердің қыруар еңбектерімен келген табыс осындай қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған күнге алып келді.
Уақыт алға жетеледі. 1996 жылы ақпан айында Ленин атындағы колхоз таратылып «Ленин және Алғабас» өндірістік коопиративтері болып қайта құрылды. 1998 жылы жекешелендіру саясатына байланысты «Алғабас» өндірістік кооперативі Еңбек, Құмжарма, Игілік, Телікөл шаруа қожалықтарына бөлінді.
2003 жылы жоғарыдағы шаруа қожалықтары бірігіп, «Жаңа- Бестам» өндірістік кооперативі болып ұйымдасты. 2005 жылы «Жаңа-Бестам» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болып аты өзгертілді. Қазіргі орталығы Алғабас ауылы Жуантөбе Ауылдық округі. 2011 жылдың маусым айы­­нан бастап Әділбек Бегайдаров ауылдық округ әкімі болып қызмет атқарып келеді.
Бүгінде 90 жылдық тарихы бар Алғабас ауылы 3 мыңнан аса халқы бар, көшелері әсем үйлерге, аулалары гүлге, отбасылары қуанышқа толы көрікті өңірге айналған.


Айжамал Әбдіхамитқызы,
Алғабас ауылы «Әйелдер» кеңесінің төрайымы.
27 қараша 2018 ж. 2 181 0