Жатақхана немесе студенттік түрме
Жатақхана, әрине, студенттер үшін құтты мекен. Бірақ мұның да бір шикіліктері бар. Қазіргі таңда «жатақхана» ұғымы «түрме» ұғымының синониміне айналып бара жатқандай. Бір ерекшелігі, түнгі он бірге дейін емін-еркін жүресің, ал одан кейін... тағдырың тоғыз қабатты торуылдап жүрер надзирательдер мен аппақ қағаздың қолында. Түрмеде, бір жаманы, камерадан қашып шығуға талпыныс жасасаң, тағы бір-екі жыл қу тізеңді құшақтап, екі көзің төрт болып, төрт қабырғаға телміресің. Ал, бізде-е-е, бәрі мүлдем өзгеше, камераңнан шықсаң ақ қағазға не үшін шыққаныңды жазсаң болды, бөлмеге барып ұйықтайсың. Айтпақшы, абақтының өзіндік жеңілдіктері бар, үш рет камераңнан шығып тәртіпсіздік жасасаң, сөгіс жарияланып, "бостандыққа" жібереді. Күнделікті құлақ естіп, көз үйренген түрмені барлығымыз білеміз. Онда қырдан қашқан, ойдан қашқан қылмыскерлер тұтқындалып, еріксізден қамауға алынады. Студенттік абақтының милициялары болса қылмыскердің соңынан сабылып жүріп, сарғайып уақыт өткізбейді, біз өзіміз барамыз. Бізге студенттік абақтыға түсу өте қиын. Ол үшін тым тәртіпті, қой аузынан шөп, айдаһар аузынан от алмастың өзі болуымыз тиіс. Одан бөлек құжат жинап бір ай ақ тер, көк тер болып, зорға дегенде армандаған түрмеңе кеп қамаласың. Тәртіпке бас иген құл болмас, тәртіпті болсаң алты жыл абақтыда жатасың. Егер оған көнгің келмесе надзирательдің аққұба бетіне шапалағыңның дәмін татқызсаң болғаны, кете бер жөніңе... Осы бір шығармамды жазып отырып ой түйдім. Түрменің де жақсысы бар екен-ау, тәйірі. Сол себепті қазіргі жастарға айтарым «түрмеге» түсіңдер, адам боласыңдар.
Massaget.kz
Massaget.kz