Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » БІЛІМ АЛУШЫҒА АЙРЫҚША ҚОЛДАУ

БІЛІМ АЛУШЫҒА АЙРЫҚША ҚОЛДАУ


Мейрамхан ДҮЙСЕНОВ,
Шиелі индустриалды-аграрлық колледжінің
директоры:
Бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Бес әлеуметтік бас­тамасын» жария етті. «Бүгінгі бастамалар еліміз тұтас, қоғамымыз тұрақты болғанда ғана табысты жүзеге асады. Өткен 26 жыл тәуелсіздік ішінде біз осы қағиданы ұстанғандықтан ғана белестерді еңсердік. Ал, ел бірлігі – ең бірінші қазақтың бірлігі екенін айтып келемін. Жаһандық көштің басында жүретін мерейлі ел болу үшін бірлік пен ынтымақ алдымен елімізге, қазаққа керек», – дей келе Елбасы сондай-ақ, қазақстандық жас талапкерлердің білімге құштарлығын ескере отырып, жыл сайын берілетін грантқа қосымша тағы 20 мың грант бөлуді тапсырды. Қазір жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттерін жатақханамен қамтамасыз ету мәселесі өте өзекті екендігіне тоқталды. Бұл міндетті шешу үшін жоғары оқу орындары, колледждер мен девелоперлік компаниялар мемлекет пен жеке меншіктің серіктестігі қағидасымен жатақхана салуды бастауы керектігі сөз болған Үндеуде студент жастардың мүддесі ашық айтылды деп білемін. «Мемлекет өз тарапынан білім және ғылым министрлігі арқылы жатақхана құрылысына жұмсалған инвестициялардың белгілі бір бөлігі біртіндеп қайтарылуына кепілдік береді», – дейді Елбасы. 2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап кемінде 75 мың орындық жаңа жатақхана салу тапсырылды. Бұл алдағы жылдарда өсе түсетін сұранысты ескергеннің өзінде жатақхана тапшылығын біржола шешеді. Бұл орайда біздің колледж нақты жұмыстар жасады. Студенттерге барынша жағдай жасау мақсатында 240 орындық жатақхананы күрделі жөндеуден өткізіп, оқушылардың игілігіне берді. Бүгінде 60-тан астам ауылдардан келіп оқитын жастар жатуда. Алдағы уақытта саны арта түседі. Оқу базасында оқушылар игілігіне берілген фото және арнайы дыбыс жазу студиялары да Елбасы Үндеуінде аталған нақты тапсырмалардың орындау жолындағы жұмыстар деп білген жөн.
07 наурыз 2018 ж. 1 819 0