Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ІРГЕЛІ ЕЛДІҢ ІРГЕСІН ҚАЛАСҚАН

ІРГЕЛІ ЕЛДІҢ ІРГЕСІН ҚАЛАСҚАН

Ұлы Отан соғысы мен еңбек ардагері Абдулхамид Әшіров туралы бір үзік сыр

Бір ғасырлық, яғни 95 жылдық торқалы тойын тойлап жатқан Шиелі ауданының тарихы, еліміздің әлеуметтік-экономикалық өмірінде алатын орны ерекше. Талай ақын-жазушы, еңбек ері, өнер адамы, ғалым, саяси тұлғалар шыққан өңір бұл. Бүгінгі шағын әңгімеміз елі үшін от кешкен, ашаршылық апатымен арпалысқан, отырықшылық, колхоздастару жұмыстарында белсенділік танытқан абзал жан – Абдулхамид Әшіров төңірегінде өрбімек.
Ол –1900 жылы Шиелі ауданына қарасты қазіргі Алғабас ауылында (бұрынғы атауы Сарыбел) дүниеге келген. Жастайынан молданың алдынан ескіше хат таниды. Мектепке тоғыз жасында барып, төрт кластық білім алады. Бір атадан бес ұл, бір қыз, соның ортаншы ұлы осы Абдулхамид (азан шақырып қойған аты) екен. Кейін ауылдастары Әбдіхамит деп атап кеткен көрінеді.
Көзі қарақты, өз қатарына қарағанда сауаты бар ол артель құрылғанда алғашқылардың бірі болып жазылып, ауыл тірлігіне қолқабыс жасап жүреді.
1926 жылы колхоздың ірге тасы қаланады. Ол қазіргі кірпіш заводы тұрған «Тораңғыл» қақ көлінің жағасында орын тепкен он бес үй кедей батрактың артелі негізінде құрылады. Колхозшылардың қолдауымен Абдулхамид Әшіров колхоздың бас есепші болып бекітіледі.
Содан бірте-бірте кедей-кепшік жиналып, халықтың саны көбейіп, ауыл үлкейе бастаған кезде ашаршылыққа тап болады. Әкесі Әшір сол заманда малды болған, «Әшір төре» атанған, атқамінер, ел ішіндегі ауызбірлікті сақтауға күш салған, жоқ-жұқаналарға көп қарасқан кісі екен. Ауылдың, әулетінің аман қалуына көп себі тиеді. Сырдың бойына мөлтек тары, бидай егіп, әулетін егін егуге баулиды. Жасынан еңбекке бейім ортаншы ұлы Абдулхамидке осы жұмысты тапсырады.
1942 жылдың қыркүйек айында Абдулхамид немере ағасы Берден, өзінің туған інісі Абдулахат үшеуі Ұлы Отан соғысына аттанады. Барған бетте-ақ ағайынды үшеуін үш жаққа бөліп жібереді. Абдулхамид үш ай мергендікке даярлық курсынан өтіп, 384-атқыштар полкі құрамында Сталинградты қорғауға кіріседі. Көп ұзамай қала маңындағы орман ішінде қиян кескі ұрыс басталады. Сол үлкен шайқаста ағасы Берденді көріп қалады. Бірақ олар амандасып та үлгере алмайды, ағасы оққа ұшады. 20 метрдей жерде жатқан ағасының басын сүйеп, бетін жабуға бораған оқ, «Алға!», «Алға!» деп үсті үстіне беріліп жатқан командир бұйрығы мүмкіндік бермейді...
Осы соғыста ек-үш жерден дене жарақатын алып, бір айдай госпитальда жатып емделіп, тағы ұрысқа кіріседі. 1943 жылдың сәуір айында жойқын ұрыста оң иығы мен бір аяғының басын оқ жұлып әкетіп, үш ай госпитальда жатып емделіп, үшінші топ мүгедегі болып елге оралады.
Елге келген соң да қол қусырып қарап отырмайды.Талаптан (қазіргі Балаби ) ауылында бухгалтер, Бестам ауылында қойма меңгерушісі, 1948 жылдан Алғабас кохозында бухгалтер, мал фермасының меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқарып, 1956 жылы зейнеткерлікке шығады. Жауапты қызметтерде жүріп бас­тауыш партия ұйымының хатшысы, колхоз тексеру комиссиясының төрағасы лауазымдарын қоса атқарады.
Абдулхамид бала тәрбиесіне ұқыпты қараған үлгілі отағасы болды. Зайыбы Пернеш екеуі 3 ұл, 6 қыз тәрбиелеп өсірді. Ұрпағының заман талабына сай білімді, білікті болуын жүзеге асырды.
Ұлы Жеңістің 40 жылдығына неміс фашистерімен болған соғыстағы ерлік істері үшін 1-дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен марапатталды. Елін қорғаған осындай батырларды ұлықтау, есімін көшелерге, мәдени-ағарту орындарына қою – Жаңа Қазақстанның жарқын міндеттерінің бірі болса керек.
Еңбек адамын құрметтеу, еңбегін қастерлеу ежелден келе жатқан тамаша дәстүрлеріміздің бірі. Еңбек қоғамын қалыптастыруға қол жеткізудің алтын арқауы – еңбек адамын құрметтеу болса керек. Бұл қоғамның өзі айқындап берген аксиома. Олай болса, І дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденінің, бейбіт өмірде қол жеткізген «Еңбек ардагері», тағы да басқа ондағын медальдің иегері, колхоздастыру мен ашаршылықтың қиын кезеңдерінде, неміс басқыншыларымен болған жан алысып, жан беріскен алапат соғыста ерен еңбегімен, ерлік ісімен белсенділік танытқан Абдулхамид әшіровтің есімін өзі негізін қаласқан, туып-өскен ауылының бір көшесіне берсе, нұр үстіне нұр болмай ма!? Рухани жаңғыру дегеніміз осы емес пе?!

Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ,
«Қазақстанның Құрметті журналисі» төсбелгісінің
иегері, Шиелі ауданының «Құрметті азаматы»
30 қазан 2023 ж. 183 0