Балуандар белдесуі басталды
Қазақ күресі – ата-бабамыздан мұра болып қалған, халқымыздың ежелгі спорт түрі. Бұл – тек күш пен ептілікті емес, жігерді, қайсарлықты талап ететін ұлттық өнер. Қадым замандардан бері қазақ білекті азаматтарына қара күштің киесі дарыған жан деп қана қарамай, ұлт қуаттылығын, ел құдіретін танытар өнер иесі деп қадір тұтқан.Осы ретте, Шиелі ауданында 16 желтоқсан Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнінен орай, қазақ күресінен 2008-2009 жылы туған жасөспірімдер арасындағы Мұстафа Шоқай атындағы республикалық дәстүрлі турнир бастау алды.
Дүбірлі додаға келген палуандардың қай-қайсысы болмасын түрлі жарыста жүлделі орын алған еліміздің чемпиондары, құрлықтық бәскелердің бәрінде алдыңғы қатардан көрінгендер. Жарыстың мақсаты – ұлттық рухты жаңғыртуға ықпал ететін ұлттық спорт түрі қазақ күресін дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау, спортшылардың спорттық шеберліктерін арттыру, жасөспірімдерді достыққа, патриоттық сезімге, ұлттық мәдениетке тәрбиелеу.
Республикалық туринирдің ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Болатбек Ысмағұлов құттықтау сөз сөйлеп, жас спортшыларға сәттілік тіледі.
– Түркі әлемінің көсемі, қазақ халқы мен барша түркі жұртының тәуелсіздігін аңсаған күрескер Мұстафа Шоқайдың кіндік қаны тамған мекені, Шиелі жерінде қазақ күресінен жасөспірімдер арасында өткізіліп жатқан Республикалық турнирдің ашылу салтанатымен баршаңызды құттықтаймын.
Тәуелсіздік жолында күрескен Алаш азаматы, қоғам және мемлекет қайраткері Мұстафа Шоқайдың туғанына 135 жыл толды. Ол бүкіл түркі дүниесінің бірігуі идеясын ұстанған тарихи тұлға. Көреген көңілден шыққан сөздері бүгінде ұлт ұғымына айналды. Алаш арысының ғұмыры үлгі өнеге болып, ұрпақ жадында сақталды.
Оның есімімен аталған бұл турнир жастарды елжандылыққа, табандылыққа, ұлттық рухты биік ұстауға тәрбиелейді. Турнирге ел сенімін арқалай келген, әр аймақтың бетке ұстар спортшыларына боз кілемдегі бәсекеде сәттілік тілеймін, – деді аудан әкімінің оырнбасары.
Сонан соң сөз алған Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Абай облысынан келген Шыңғыс Тұрсынов, жарыстың маңыздылығына тоқталып, балуандарға ізгі тілегін жеткізді.
Салтанатты шара аясында қазақ күресін дамытуға сүбелі үлес қосып жүрген Әлімбай Дәулетов пен Ғалымжан Әлиев ҚР Туризм және спорт министрлігінің «Дене шынықтыру мен спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды.
Айта кетейік, балуандар арасында бұл байрақты бәсеке биыл жиырмасыншы рет өткізіліп жатыр.
М.Қайратұлы








