БЕКЖАН БАПТАҒАН БАЛУАНДАР

Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, төрткіл дүниені дүбірлеткен V дүниежүзілік көшпенділер ойындарында қазақ күресінен сынға түсіп Әлем чемпионы атанған Бекжан Төлепов қазіргі таңда қосымша жас балуандарды қазақша күреске баулу ісіне көңіл бөлген. Әріптесі, белбеу күресінен ҚР чемпионы Мейіржан Қоқантаевпен бірге Шиелі ауданында «Батыр» қазақ күрес спорт клубын құрып, 60-тан аса бала тәрбиелеуде. Нәтижесі де жаман емес. Аз уақыттың ішінде клубтың оқушылары облыстық, республикалық жарыстарда төбе көрсетіп, жеңімпаз атануда. Спортқа деген құштарлығы басым Бекзат Оразбай, Әлихан Қапанов, Дінмұхаммед Жарқынбек, Нұрымжан Аманжол, Мұхамедәли Айдархан, Әділхан Балғабай есімді жас балуандар облыстық жарыста топ жарып, аудан абыройын асқақтатты. Әрине бұл нәтижелі атқарылған жұмыстың жемісі. Иә, расымен де бабалар мен жасөспірімдердің спортына лайықты қолдау көрсету, спортпен шұғылданушы жастардың санының артуына оң әсерін тигізеді. Сондықтан, үйдегі балаларыңызды телефонға телміртпей, білекті, жүректі азамат болып қалыптасуы үшін спортқа беріп, мол мүмкіндікті құр жібермеңіз.
М.ҚАЙРАТҰЛЫ