Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жеңіс туын желбіреткен Бекжан

Жеңіс туын желбіреткен Бекжан

Сүйінші, ағайын! Жақында Ақтау қаласында қазақ күресінен ҚР чемпионаты өткен болатын. Турнирге еліміздің түкпір-түкпірінен 500 спортшы қатысқан. Бұл тартыста жауырыны жер иіскемеген жерлесіміз Бекжан Төлепов жеңіспен оралды. Додаға келген спортшылардың ішінен оза шауып, ел намысын қорғап, балуандармен боз кілемде белдескен Бекжан Әлімжанұлы осы жеңісімен әлем біріншілігіне жолдама алды. Шиелілік балуан бұған дейін 2 дүркін әлем кубогының иегері, «Дала қыраны» титулына ие болғанын еске сала кетейік.
Соңғы жылдары қазақ күресінің көкжиегі кеңейіп келеді. Елімізде «Қазақ барысына» лайықты азаматтар жетерлік. Қазіргі таңда боз кілемде белдесіп, додаларда топ жарып, оза шауып, ауданның ғана емес еліміздің абыройын асқақтатып, көк туымызды желбіретіп жүрген жерлесіміз Бекжан Әлімжанұлынан көп үміт күтеміз.
Бекжан Төлепов 1998 жылы 15 қаңтарда Қызылорда обылысы, Шиелі ауданында дүниеге келген. 2004-2013 жылдары Шиелі ауданы №48 Ә.Қоңыратбаев атындағы орта мектепте білім алып, 2013-2017 жылдары Алматы қаласындағы Спорт және туризм колледжін бітіріп, 2019-2022 жылы Алматы қаласындағы Абай атындағы Қазақ Ұлттық университетінде дене шынықтыру және спорт мамандығы бойынша білім алып, сол оқу ордасын тәмамдаған.
Ол қазақ күресімен 2005 жылдан бастап айналысып келеді. Алғашқы бапкері Әлімжан Тұрғанбаев 2005-2008 жылдар аралығында тәлім тәрбие беріп, 2008-2017 жылдар аралығында Мейрамбек Тәжібеновтен сабақ алып, 2017 жылдан бастап жоғары спорт шеберлігі мектебінде Болатбек Кенеевтің қол астында жаттығып жүр. Жастайынан спортқа жақын өскен Бекжан 2013 жылы кіші жасөспірімдер арасында ҚР чемпионы, 2015 жылы жасөспірімдер арасында ҚР чемпионы, 2014, 2015, 2016, 2017 жылдары «Жас барыс» республикалық турнирінің жеңімпазы атанды. 2017-2018 жылдары ­жастар арасында ҚР чемпионы, 2021 жылы ересектер арасында ҚР чемпионы, «Үздіктердін үздігі» республикалық турнирінің жеңімпазы, 2021-2022 жылдары Әлем кубогының екі дүркін жеңімпазы, 2022 жылы «Дала қыраны», Әлем чемпионы, Қазақ күресінен Халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағына ие болды.
Енді ғана қолдау тапқан қазақ күресінің даму тарихын тарқатып айтар болсақ, күрестің бұл түрі бойынша тұңғыш ресми жарыс 1938 жылы еліміздің ауыл шаруашылығы аймақтары арасындағы спартакиадада өткен. Содан бері қазақша күрестен еліміздің қалаларында тұрақты түрде жарыстар өткізіліп келеді. Ал алғашқы халықаралық турнирлер 1952 және 1975 жылдары Азия аймағы спортшыларының қатысуымен өтіп, ұлттық күресіміз елімізден тысқары жерлерге де белгілі болды.

Дархан БАЙТІЛЕС
27 желтоқсан 2023 ж. 809 0