Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » АРДАГЕРЛЕР – ШАХМАТ САЙЫСЫНДА

АРДАГЕРЛЕР – ШАХМАТ САЙЫСЫНДА

«Есігіңнің алдында төбе болса, ерттеулі тұрған атпен тең. Ауылыңда қария болса, жазылып қойған хатпен тең» деп қазыналы қарттардың бағасын халық дөп айтылған даналығымен берген. Қара қылды қақ жарып әділдігін көрсететін, ақылын айтып, батасын беріп, берекеңді кіргізетін әр ауылда қария болса қазынаға бергісіз құндылық екендігі айқын. Қазақ халқы бағзыдан бір ауыз сөзге тоқтаған халық. Оның ішінде қазыналы қарттар мен беделді ақсақалдардың айтқанын бәрінен биік заң деп қабылдап, үлкеннің алдын кесіп өтпеген.
Еңбектің киелі құдіретін дәлелдеген ардагерлерді ұлықтау, ғұмыр жолын өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге ету – бүгінгінің парызы. Соның бір көрінісі – аймақтың әлеуметтік-экономикалық, мәдени- рухани дамуына ерекше үлес қосқан азаматтарды ардақтап, құрмет көрсету шараларын өткізу Шиелі ­ауданы үшін дәстүрге айналды.
Жуырда аудан әкімінің қолдауымен, «Қазалы-Жомарт» бірлестігінің ұйымдастыруымен «Руханият» орталығында «Қарттарым – асыл қазынам» тақырыбымен ардагерлер арасында шахмат-дойбыдан жарыс өтті. Сайыстың бас­ты мақсаты – қарттардың ой-санасының сергектігін, даналығын дәріптеп, оларға құрмет көрсету. Шараның ашылуында аудандық мәслихат төрағасы Мұрат Өскенбайұлы ардагерлерді 30 тамыз Қазақстан Республикасының Конституция күнімен құттықтап, жарысқа сәттілік тіледі.
Қазақ елінің еңсесін биіктетіп, елдігін айғақтап, егемендігін баянды еткен қасиетті Ата Заңға 30 жыл толуына орай өткізілген сайысқа түрлі салада абыройлы қызмет етіп, мәртебелі зейнетке шыққан 10-нан аса ардагер қатысып, өзара шеберліктерін ортаға салды. Сондай-ақ, Тәжік-Ауған шекарасындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері, Семей ядролық сынақ полигонының ардагерлері, Ауғанстан соғысының ардагерлері, Таулы Қарабах ардагерлері, Желтоқсан оқиғасына қатысушылар, Чернобыль апатының зардаптарын жоюға атсалысқан ардагерлер қатысты.
Екі сағатқа созылған тартысты бәсекеде ардагерлер шеберлік танытып, тартысты ойын өрнегін көрсетті. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан және ойынға белсенділік танытқан ардагерлерге арнайы Алғыс хат пен медальдар және бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Осылайша әзіл-қалжың аралас өткен тартысқа толы қызықты ойында ардагерлердің көңілкүйі көтеріліп, марқайып қалды. Өз кезегінде ардагерлер де ұйымдастырушы тарапқа алғыс айтып, дәстүрге айналған жарыстың сәтті өтуіне ризашылық білдірді.

М.ИБРАГИМ
02 қыркүйек 2025 ж. 75 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№65 (9332)

30 тамыз 2025 ж.

№64 (9331)

26 тамыз 2025 ж.

№63 (9330)

23 тамыз 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930