ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНА ЖОЛДАМА АЛДЫ

Таяуда Павлодар қаласында өткен ел біріншілігінде №10 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің оқушылары жағымды жаңалықпен оралды. Республикалық жарыста бақ сынаған ауданның 8 спортшысы белбеу күресіне түсіп, 7 спортшы жүлделі болды. Қоржында 2 алтын, 2 күміс, 3 қола медаль бар.
Дүбірлі додада дараланып, жеңіс тұғырынан көрінгендердің қатарында I орын, 65 кг салмақта -Ердаулет Абдумүтәләпов (жаттықтырушысы – Қуаныш Нұрғали), I орын, 71 кг салмақта ¬Наурызбай Сәдібеков (жаттықтырушысы – ¬Рахат Советов), II орын, 50 кг салмақта Бағдәулет Төлепов (жаттықтырушысы – Рахат Советов), II орын, 65 кг салмақта Мырзабек Мұстафаев (жаттықтырушысы – Рахат Советов), III орын, 45 кг салмақта Иманғали ¬Хамитбеков (жаттықтырушысы – Жомарт Қожахметов), III орын, 45 кг салмақта Нұржігіт Алмағанбетов (жаттықтырушысы – Мағжан Сейітхан), III орын, 85 кг салмақта Сабыржан Рәнтай (жаттықтырушысы – Қайрат Жолмырзаев) бар.
Жасөспірімдердің жетістікке жету жолында жаттықтырушыларымен қатар әдіскерлерінің де еңбегі зор. Сондай-ақ спорт мектеп директоры Ардақ Айтуаровқа айтар алғыстары көп.
Жастығын спортқа арнап, шымырлыққа шыңдалып жүрген спортшылардың арасынан 4 жасөсіпірім (алтын, күміс) ендігіде Ташкентте өтетін Әлем чемпионатында додаға түсетін болады. Жігерлі жастарды жеңісімен құттықтап, алдағы сындарда сәттілік тілейміз.
Осындай спортқа ынтық жастар барда ұлттық спортымыздың көсегесі көгеретініне тағы бір мәрте көз жеткізіп отырмыз.
Таслима ТЕМІРБЕКҚЫЗЫ