ЖАСӨСПІРІМДЕР ЖҮЛДЕМЕН ОРАЛДЫ
Бүгінде жас жерлестеріміз спорт саласында биік белестерді бағындырып, жетістіктерге жетіп жүр. Бұған Балаби ауылындағы №10 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде тәлім алып жатқан жас спортшылардың кешегі жеңісі дәлел. А.Айтуаровтың жетекшілігіндегі спорт мектебі қазіргі уақытта байрақты бәсекелерде біліктілігін көрсетіп, аудан намысын қорғайтын болашақ жеңімпаздарды дайындайды.
Осы жылдың 4-9 ақпаны аралығында Абай облысы, Семей қаласында Қазақстан Республикасының 2008-2009 жылы туған кіші жасөспірімдер арасындағы чемпионаты өтті. Аталмыш додада жалынды жастар қазақ күресі бойынша өзара сайысқа түсіп, аудан намысын білек сыбана қорғады. Чемпионат нәтижесінде спортшылар 2 күміс, 1 қола медальға ие болып, жеңіс қоржынын толтырды.

Дүбірлі додаға қатысқан 13 спортшының арасынан топ жарып, 38 кг салмақ санатында Пәттә Ілияс (Төңкеріс ауылы, жаттықтырушысы – Қ.Жолмырзаев, Ж.Қожахметов) 3-орынды иеленсе, 38 кг салмақта Тойбек Әлихан (Еңбекші ауылы, жаттықтырушысы – Қ.Жолмырзаев, М.Сейітхан) 2-орынмен, 65 кг салмақта Сәдібеков Наурызбай (Алғабас ауылы, жаттықтырушысы – Қ.Жолмырзаев, Р.Советов) 2-орынмен марапатталды.
Еліміздің түкпір-түкпірінен келген жасөспірімдерден құралған бұл сайысқа үлкен дайындықпен барған балуандардың еңбегі ақталғаны көңіл қуантады. Сонымен бірге жеңіс жолында жаттықтырушылармен қатар әдіскерлердің де атқарған еңбегі зор екенін айтпай кетуге болмас. Болашақ чемпиондарымызды жеңісімен құттықтап, бағындырар белестерінің биіктей беруін тілейміз!
Таслима ӘЛІШЕР,
Абай атындағы ҚазҰПУ-дің
4-курс студенті