Дзюдодан дүбірлі дода өтті
Шиелі ауданы №9 Олимпидалық резервтік мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебінде Ұлыстың ұлы күні және ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына ұйымдастырылған дзюдо күресінен дүбірлі дода өтті. Аудандық сайысқа 2008-2009 және 2010-2012 жылы туған жасөспірімдер қатысты. Салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында жас балуандар боз кілемде белдесіп, өзара мықтыны анықтады.
Дзюдо күресінің қадамы бүгінгі таңда қарыштап дамып келе жатқаны анық. Оны Шиелі аудандық дзюдо күресінен өткен біріншілік дәлелдей түскендей. Дзюдо күресінен өткен додада әр өңірден іріктеліп шыққан мықты деген жас балуандар күш сынасты. Ауданнан іріктеліп шыққан жас балуандардың осалы жоқ. Бұл жарыста жанкүйерлер де көп жиналғаны дзюдо күресіне деген құрмет пен қошеметтің деңгейін аңғартса керек.
– Дзюдо күресі барлық халық қызығатын спорт түріне айналды. Бұл күрестің қыр-сырын жетік меңгерген спортшыларымыз талай байрақты бәсекелерде ел намысын қорғап жүр. Ең бастысы, күреске деген адал ниет болу керек. Әйтпесе, нәтиже болмайды. Сайып келгенде, дзюдо күресін білекті балуандар дамытуға мүдделі болуы тиіс, – деп атап көрсетті ұйымдастырушылар. Арнайы спорт мектебінде ұйымдастырылған жарыста 200 ден астам спротшы күрестің әр салмақ түрінен бақ сынасты. Соның ішінде 24 кг салмақта I орын Сырым Тұрман, 26 кг салмақта I орын Наржан Сәтібайұлы, 29 кг салмақта I орын Сағынай Әлиев пен Ернар Әбдірайымов 32 кг салмақта I орын Базарбек Әбдірахан, Иляс Дінмұхаммед 35 кг салмақта I орын Нұрымжан Болатов пен Ерасыл Қуанышбек, 38 кг салмақта I орын Нұртас Алтай, 42 кг салмақта Диас Әбдиев, 46 кг салмақта I орын Даниял Қожамжар 50 кг салмақта I орын Диас Қалдыбаев 55 кг салмақта I орын Қазыбек Нысанбеков пен Әсетхан Тыныштық секілді жас балуандарға бұйырды. Сондай-ақ, ІІ-ІІІ орынды иеленген балуандар громата мен арнайы сыйлықтармен марапатталды.
Шапағат Тілеубаев