Тотамидегі тартыс
Еліміз тәуелсіздік тізгінін қолына алып, іргесін бекіткен сәттен-ақ Қазақстан халқының сәулетті өмір сүріп, салауатты тұрмыс кешуін қамтамасыз етуге жан-жақты қамқорлық әрекетін жасауда. Бұл қамқорлықтан әлеуметтік салалар шет қалған жоқ. Білім, мәдениет, өнер, спортқа жасалған жағдай да жақсы. Соның айғағындай, ауданымызда түрлі спорттық шаралар жоғары деңгейде ұйымдастырылып келеді.
Тәуелсіздік күні қарсаңында Балаби ауылында жасөспірімдер арасында таеквондодан балалар, жасөспірімдер және жастар арасында аудандық ашық біріншілік өтті. Шараны ұйымдастырудағы мақсат – шығыс жекпе-жек өнерін дамыта отырып, салауатты өмір салтын қалыптастыру, спорттық шеберлігін арттыру, жас ұрпақты достыққа, патриоттық сезімге, ұлттық мәдениетке баулу еді.
Жарыстың ашылу салтанатында аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Н.Сапарбай мен №10 спорт мектебінің директоры А.Айтуаров жылы лебіздерін білдіріп, спортшыларға сәттілік тіледі. Таеквондодан өткен дүбірлі додаға әр өңірден іріктеліп 250 ге тарта жас таеквондоншылар жиналды. Барлығы 12 команда қатысып, өзара мықтыны анықтады. Аталған спорт түрі өтетін орынға жанкүйерлер де көп жиналды.
Тотами үстіндегі тартыста ең мықтылары жеңіске жетті. Сонымен, іріктеліп, үміт арқалаған кіл мықтылардың алғашқылары да күші мен қуаты, шеберлігі мен ұтқырлығы бәске салынатын алаңға қарай оза берді. Жалпы командалық есепте өз ауданымыздың оғландары өзгелерге есе жібермей I орынды алып қалса, II орынды қызылордалықтар, III орынды Жаңақорған ауданы қанағат тұтты. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 27 жылдығына арналып өткізілген бұл турнир облыс көлемінде шығыс жекпе-жек өнерінің өріс алып келе жатқандығын көрсетті.
Ж.Ноғайбайқызы.