Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Мықтылығын тағы да мойындатты

Мықтылығын тағы да мойындатты


Ресей федерациясы, татарстан Республикасы, Қазан қаласынан сүйінші хабар келді. Қазан айының 25-28 күндері белбеу күресінен дүбірлі әлемдік жарыс өз мəресіне жетті. Осы қалада өткен әлем чемпионатында жерлесіміз Райымбек Рантаев ІІІ орын еншілепті. Сәрсенбінің сәтті күні таңертең жерлесімізді пойыздан күтіп алуға біз де барған едік. Күннің суықтығына қарамай, жерлесіміздің жеңісіне қуанған біздер Райымбекті құттықтауға асығып тұрмыз. Пойыз тоқтай салысымен спортшы мінген вагонға қарай аяңдадық.
Қазақ күресінен жасөспірімдер арасында екі мәрте Қазақстан чемпионатының жеңімпазы, белбеу күресінен әлем чемпионатының қола жүлдегері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Райымбек Рантаев өзінің мықтылығын осымен бірнеше мәрте мойындатты. Өткен жылы да Ресей мемлекетінде өткен әлем чемпионатында жүлделі ІІ орынды жеңіп алған болатын.
Сонымен қатар, қазан айының басында ауданда өткен «Алтын күз» ауыл спортшыларының облыстық спартакиадасында да жеңіс тұғырынан көрінді. Енді міне, Қазан қаласында өткен жарыста 62 кг салмақ дәрежесінде бақ сынап, ІІІ орынды қанжығасына байлап қайтты. Райымбек биыл Қызылорда қаласындағы Қорқыт ата атындағы жоғарғы оқу орнын бітіріп, аудандық спорт клубына белбеу күресінен жаттықтырушы болып жұмысқа қабылданған. Бұдан былай Райымбек белбеу күресінен шәкірт дайындап, алдағы уақытта талай әлем чемпиондарын шығарады деген ойдамыз.

Айнұр НАЗАРОВА,
Б.БӘЙІМБЕТ (фото).
03 қараша 2018 ж. 1 644 0