Белбеу күресінен байрақты бәсеке
Елбасының басты назарында болған мәселенің бірі салауатты өмір салтын қалыптастыру, бұқаралық спортты дамыту. Осы бағытта жүйелі жұмыстар жүргізіліп, жастар спорттың барлық түрімен шұғылдануына жағдай жасалынып келеді. Осы ретте ауданымызда белбеу күресінен балғын балалар жетістіктерімен қуантуда.
Ежелгі сайыс түріне жататын белбеу күресі Орталық Америка, Африка, Еуропа мен Азияда кеңінен тараған. Көне қол жазбаларда бұл спорт түрі туралы көп дерек сақталған. Балуандар бір-бірін белбеуден ұстап белдеседі. Мақсат қарсыласты жығып қана қоймай, айқын басымдықпен жеңу. Қазақ «Не бел кетеді, немесе белбеу кетеді» деп осындай жекпе-жекті айтса керек. Иә, күресу өнері қазақтың әр баласының бойында бар қасиет. Сондай қасиетке ие, болашағынан зор үміт күтетін өреннің бірі – Қайрат Сәрсенбекұлы. Ол Бидайкөл ауылында 2006 жылы дүниеге келген. Қазіргі кезде №9 Олимпиадалық резервтік мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебінде белбеу күресінен 4 сыныптан бері айналысып келеді. Жауырыны жерге тимеген Қайрат 76 кг салмақта бақ сынайды. Осы орайда ақпан айының 18-21 аралығында Жаңақорған ауданы, Түгіскен ауылында белбеу күресінен жасөспірімдер арасында өткен облыс біріншілігінде 250-ден астам жас жеткіншек сынға түскен жарыста Қайрат I орын алып, аудан мерейін асқақтатты. Осылайша, сәуір айында өтетін Қазақстан Чемпионатына жолдама алды. Бұған дейін бірнеше турнир мен жарыстарда ысылып, өзінің мықтылығын дәлелдеген Қайраттың қазіргі бабыда жақсы.Иә, әр спортшының артында жаттықтырушының еселі еңбегі бар. №9 Олимпиадалық резервтік мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебінің белбеу күресінен жаттықтырушысы Ержан Мәмбетов баланы балғын шағынан шебер күресуге машықтап, түрлі айла-тәсілдері мен ережелерін үйретіп келеді. Дайындаған спортшылары жарыстардан топ жарып, жеңіс тұғырынан көрініп келеді.
Шәкірттерімнің аты озсын деп жүрген Ержан Мәмбетов: – балғындарды белбеу күрес өнеріне баулып келе жатқаныма көп бола қойған жоқ. Дегенмен шәкірттерімнің азды-көпті жетісітігі бар. Өзім апарған барлық жарыстан олжасыз қайтқан кезім болған жоқ. Бұл спорт залда төгілген тердің арқасы – дейді ол. Алдағы уақытта шәкірті биік шыңдардан көрінетініне сенімді. Бізде балғын жастың бағындыратын белестері алда деп сенеміз.
Шапағат Тілеубаев