Казаннан келген қос медаль
Рухы мықты елдің ұрпақтары қай уақытта да жігерлі, қайтпас-қайсар, сайысқа түссе қарсыласын мойындатады. Шиелі ауданы ежелден ақын мен батырға бай мекен. Бала би ауылының балуандары Мұхит Аманкелдіұлы мен Нақберген Болатұлы Татарстанда өткен белбеу күресінен әлем чемпионатында жүлдемен оралды.
Елдің атын ер шығарады. Бабасы ту ұстаса, баласы қайдан осал болады. Ел сенімін ақтап, Татарстан Республикасы, Қазан қаласында өткен белбеу күресінен әлем чемпионатында қос қыранымыз жүлде алды. Мұхит Шералиев 55 кг. салмақта үкілеген үміттің туын жықпай, бес қарсыласының төртеуін тізе бүктіріп, қола медальді қанжығамызға салды. «Бапкердің айтқанын түгел орындадым. Бірақ, аздаған сәттілік жетіспей қалды. Алдағы уақытта көк туды көкке көтеріп, әлем чемпионаттарында әнұранды шарықтататын боламын» дейді Мұхит Аманкелдіұлы. Кәмелеттік жасқа толмай-ақ қазақ күресінен, белбеу күресінен Қазақстан чемпионы атанған жас балуанымыз болашағынан үлкен үміт күттіретіні анық. Мұхитқа осы жарысқа барып келуіне қаржылай көмек көрсетіп, демеушілік танытқан «Семізбай-U» ЖШС «Иіркөл» филиалының директоры Мұхаммеджан Салқынбаев. Осылай қолдау көрсетіп, үлгі болатын қолы ашық азаматқа М.Аманкелдіұлының алғысы шексіз. Ал, Нақберген Тоқпаев үш қарсыласын жеңіп, финалда алтынға бір адым қалғанда қарсыласына есе жіберіп, күмісті қанағат тұтты. Аудандағы бапкері Бауыржан Мырзалиев қос жігіттің жеңіске жетуіне үлкен ықпал жасады. Бала күнінен көптің ішінен сақаларын баптап, әлемдік деңгейге жеткізді. «Екі оқушымның жеңіске жету үшін жасаған еңбегі зор. Спортта жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді. Жеңіліп көрмеген, жеңістің не екенін білмейді. Кеткен олқылықтардың орнын алдағы уақытта толтыратын боламыз» – дейді, Бауыржан Мырзалиев. Мұхит қазіргі таңда белбеу күресінен Қазақстанның ұлттық құрамасына алынып, үлкен дайындық жүргізуде. Болат Кенеев Қызылорда қаласындағы бапкері Мұхитқа өз білгенін үйретіп, әрі қарай шеберлігін шыңдауда. Бұдан да биік белестерді бағындыруы үшін жас балуандарға қолдау көрсетіп, сенім білдіріп, демеу болуымыз қажет. Әлемдік сайыстарда көк туды көкке көтеріп, әнұранды қосыла айтатындай жеңісті күндер тілейміз.
Бекжан ЕРЖІГІТ.