Жеңістің жемісін арқалаған жан
Салауатты өмір салтын ұстануға спорттың орасан пайдасы бар. «Дені сау ұлт бәсекеге қабілетті болады. Сондықтан спорттың бұқаралық сипатын дамыту – мемлекетіміздің стратегиялық басым бағыттарының бірі» деп Елбасы Жолдауында айтқандай, қазіргі таңда спорттың қай саласы болсын қарқынды дамып келеді. Өйткені, спорт саласына көп көңіл бөлініп, тіпті Елбасы Н.Назарбаевтың жарлығымен 2003 жылдан бастап тамыз айының үшінші жексенбісі «Спорт» күні деп бекітілген.
Аудандағы спорт саласы да жыл өткен сайын жағымды жаңалықтармен толығуда. Қазақша күрес, футбол, волейбол, бокс, теннис, шахмат т.б. спорт түрлерінен спортшылар облыстық, республикалық жарыстарда көш бастап жүр. Тіпті Азия чемпионаты қатарынан көрінген жерлестеріміз де бар.
Сегізінші тамыз күні аудан спортшылары көршілес Өзбекстан мемлекетінде өткен әлем біріншілігіне аттанған болатын. Жарыс аяқталысымен, спортшылар редакцияға хабарласып, қуанышты жаңалық жеткізді. Белбеу күрестен 95 кг салмақ дәрежесінде ауданның жас палуандары Дарын Балтабеков жүлделі ІІ орынмен оралса, 55 кг салмақ дәрежесінде Мейіржан Қоқантаев ІІІ орынды жеңіп алыпты.
Дарын Бақытұлының спортқа деген қызығушылығы 12 жасынан басталған. Аталған жарыста жерлесіміз ақтық бәсекеде қырғызстандық қарсыласын шаң қаптырып, жеңіс тұғырынан көрінді. Айта кеткен жөн, ол бұған дейін осы жылдың мамыр айында Шымкент қаласында өткен қазақ күресінен әлем чемпионатына жолдама алған болатын.
Спорт десе ішкен асын жерге қоятын, әрбір жеңіске жетелейтін жандардың еңбегі зор. Осы тұста Дарын барып жүрген Бала би ауылындағы Ардақ Айтуаров басқарған №10 Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіндегі Қайрат Жолмырзаев, Нұрғали Қуаныш, Асқар Жүсіпов сынды спорттың қыр-сырына машықтанған жаттықтырушыларды айтпай кетуге болмас. Алуан түрлі спорттық тәсілдерін ауыл балаларына үйретіп жүрген шеберлердің нәтижесі жақсы. Оның бір ғана дәлелі ретінде сөзімізге арқау болған кейіпкерімізді айтуға болады.
–Адам кішкентай да бір жетістікке жету үшін бойында ең әуелі жігер, мақсат, талант болуы шарт. Сол кезде белесті бағындырып, асудан аса алады. Әрбір шәкіртіміздің жеткен жетістігіне балаша қуанамыз. Барлық ұстаздар солай деп ойлаймыз. Қазақта «Не бел кетеді, не белбеу кетеді» деген тәмсіл бар ғой. Дарын қатысатын белбеу күрес – нағыз мықтыны анықтайтын спорт түрі, – дейді жаттықтырушылары.
Бұдан бөлек Д.Балтабеков сәуір айында Ақтөбе қаласында қазақша күрестен өткен сайыста қола жүлдені қанжығасына байлаған. Күрестің қос түрін қатар алып жүрген жас палуанға алдағы уақытта аудан абыройын асқақтатып, байрақты бәсекелерде жүлдегерлер қатарынан көріне беруіне тілектеспіз.
Фариза
КЕНЖЕШОВА