БАЙҚОҢЫРДА ХАЛЫҚТЫҚ СПОРТ ОЙЫНДАРЫ БАСТАЛДЫ
Астана қаласының 20 жылдығы, Қызылорда қаласының 200 жылдығына орай алтыншы мәрте ұйымдастырылған спорттық бәсекеге Байқоңыр, Қызылорда қалалары мен аудандардан 9 команда, барлығы мыңнан аса спортшы бақ сынасуда.
Сайыс спорттың 12 түрінен волейбол, стрит воркаут, жағажай волейболы, стритбол, шағын-футбол, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, гір спорты, қол күресі, үстел теннисі, Президенттік көпсайыс, асық атудан өтуде.
Жарыс нәтижесінде жеңіске жеткен спортшылар үстіміздегі жылдың 21-25 қыркүйекте Маңғыстау облысы Ақтау қаласында ҚР Президенті жүлдесі үшін өтетін республикалық халықтық спорт ойындарына қатысады.
Айта кетейік, биылғы жарыстың ерекшелігі - спорт түрлерінің қатарына стрит воркаут, жағажай волейболы, стритбол енгізілді.
Жарысты ұйымдастырушылар: Қызылорда облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы, Байқоңыр қаласының мәдениет, жастар саясаты, туризм және спорт басқармасы.
Айтулы спорт ойындары 29 шілде күні мәресіне жетеді.