Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Байрақты бәсекеде топ жарды

Байрақты бәсекеде топ жарды

Бүгінде ауданда барлық спорт түрлері дамыған. Оның ішінде жекпе-жектiң панкратион деп аталатын түрiне қызығушылардың саны артуда. Айта кетейік, ауданда осы спортпен айналысатын 140 балғын жаттығып, өз шеберлігін шыңдауда.
Жуырда Ақтау қаласында өткен жарыста аудан спортшылары топ жарды. Аталған сайысқа 17 облыс­тан 600-ге жуық спортшы қатысты. Панкратионның қыр-сырын жас жеткіншектерге үйретіп жүрген бапкер Ербол Ділімбетов байрақты бәскеге 7 спортшысын үкілеп қосты. Жарыс қорытындысы бойынша жерлестеріміздің барлығы да топ жарып қайтты. Атап айтар болсақ, Абылай Шәкірбеков, Бағдәулет Тұрсыманов, Даниял Рахымжандар байрақты бәсекеде бірінші орыннан көрінсе, Айдар Арманұлы, Дамир ­Рахымжан екінші орынды жеңіп алды. Ал Мақсат Ханқожаев, Ғибадат Парзу үздік үштіктен көрінді.
Айта кетейік, бұған дейін Шымкент қаласында осы спорттан байрақты бәсекеде 4 балғын алтыннан алқа тағынып, әлем чемпионатына жолдама алған болатын. Бұл жарыста суырылып алға шығып, өзінің таптырмас айласымен 2 палуанда әлем чемпионатында бақ сынайды. Бұл жеңістің артында палуандардың спорттық дәрежесін көтеруде аянбай еңбек етіп жүрген жаттықтырушысы Ербол Ділімбетовтың тұрғаны ақиқат. Ол 2010 жылдан бастап, күрестің панкратин және грэпплинг түрлерін өркендетуге айрықша үлес қосуда. Бапкер Ербол да ережесіз жекпе-жектен елдің бірнеше дүркін чемпионы, панкратионнан ел біріншіліктерінің жеңімпазы. Джиу-джитсу мен қоян-қолтық айқастан да бірқатар биік белестерді бағындырды.
Сонымен қатар айтулы азамат өскелең ұрпақтың сыртқы сауытының мықты болуына мән беріп қана қоймай, оларды үнемі таным мен тағлымға ­баулып, отансүйгіштік пен имандылыққа тәрбиелеуде. Қоса кеткен жөн, бұқаралық спорт кешенінде осы спорт түрінен 2 спорт шеберіне үміткер жастар шықты. Одан бөлек ­Олжас Есқараев, Әділсерік Ғани, ­Абылай Шәкірбеков, Диас Құдайбергенұлы сияқты спортшылар әлем чемпионатында бақтарын сынауда.
Аядай ғана спорт кешенінен талай танымал спорт саңлақтары шығып, ауданның абыройын асқақтатып келеді. Ендеше әлем чемпионатында бақ сынайтын жерлестеріміз жеңіс тұғырынан көріне берсін демекпіз.

Ш.Тілеубаев
03 қазан 2022 ж. 526 0