Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Олар әлем чемпионатына барады

Олар әлем чемпионатына барады

Бүгінде ауданда спорт түрлері қарқынды дамып келеді. Әсіресе жекпе-жектiң панкратион деп аталатын түрiне қызығушылардың саны артуда. Айта кетейік, ауданда осы спортпен айналысатын 140 балғын жаттығып, өз шеберліктерін шыңдауда.
Жуырда Шымкент қаласында өткен жарыс­та аудан спортшылары топ жарды. Аталған сайысқа 17 облыстан 600-ге жуық спортшы қатысты. Панкратионның қыр-сырын жас жеткіншектерге үйретіп жүрген бапкер Ербол Ділімбетов байрақты бәскеге 15 спортшысын үкілеп қосты. Жарыс қорытындысы бойынша жерлестеріміз қоржынға 4 алтын, 2 күміс, 4 қола медальды салып, тартысты додада топ жарды. Бұл жарыста суырылып алға шығып, өзінің таптырмас айласымен 4 балуан әлем чемпионаттарына жолдама алды. Бұл жеңістің артында балуандардың спорттық дәрежесін көтеруде аянбай еңбек етіп жүрген жаттықтырушысы ­Ербол Ділімбетовтың тұрғаны ақиқат. Ол 2010 жылдан бастап, күрестің панкратин және грэпплинг түрлерін өркендетуге айрықша үлес қосуда. Бапкер Ербол да ережесіз жекпе-жектен елдің бірнеше дүркін чемпионы, панкратионнан ел біріншіліктерінің жеңімпазы. Джиу-джитсу мен қоян-қолтық айқастан да бірқатар биік белестерді бағындырды. Сонымен қатар айтулы азамат өскелең ұрпақтың сыртқы сауытының мықты болуына мән беріп қана қоймай, оларды үнемі таным мен тағлымға баулып, отансүйгіштік пен имандылыққа тәрбиелеуде. Айта кетейік, бұқаралық спорт кешенінде осы спорт түрінен 2 спорт шеберіне үміткер жастар шықты. Одан бөлек Олжас Есқараев, Әділсерік Ғани, ­Абылай Шәкірбеков, ­Диас Құдайбергенұлы сияқты спортышылар әлем чемпионатында бақтарын сынауда.
– Әрбір шәкіртімнің жүректерінде чемпион болсам деген арман бар. Ол арманға қажырлы-қайрат, тынымсыз еңбекпен ғана жетесіңдер деп оларды үнемі жігерлендіріп отырамын. Біздің спортышылар алдағы уақытта үлкен жетістіктерге жетіп, еліміздің атын әлемге танытып, туымызды көкке желбіретеді деп сенемін. Бір өкініштісі, біз спортшыларға арналған жаттығу алаңын жалға алып, жоқтан бар жасап отырмыз. Қазіргі стандартқа сай емес. Олардың еркін дайындалуына тарлық етеді, – дейді бапкер.
Расында, аудандағы спорт саласына серпін керек. Шиеліден Әлем ­чемпионы қашан шығады деп телміріп жүрміз. ­
Шыққан күнде де спортшыларға лайықты құрмет көрсете аламыз ба? Оны да ойлану керек. Алдағы уақытта әлемді бағындыратын өрендер шықсын десек, спортшыларға жайлы жағдай жасалынып, жаттығу алаңы талапқа сай болуы тиіс. Сонда ғана бұқаралық спортымыз көштен қалмайды.

Ш.Тілеубаев
04 сәуір 2022 ж. 635 0