Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Облыстан олжамен оралды

Облыстан олжамен оралды

Бүгінде өңірде джиу-джитсу жекпе жек спортына қызығушылық танытқан ынталы жастардың саны артуда. Тіпті, осы спорт түрін сенімді серігі санаған оғландар республикалық, облыстық бәсекелерде топ жарып жүр. Білікті жаттықтырушы ­Ербол Длимбетовтың ізін жалғар шәкірттері ­таяу­­да өздерінің осал қарсылас емес екендіктерін тағы бір рет дәлеледеді.
Соңғы жылдары бұл спорт түрі ауданымызда да ақырын алға басып, ауданнан шыққан оғландар ел арасында танылып келеді. Спортшыларымыз да мықтылығын көрсетіп, түрлі жетістіктің төрінен көрінуде. Джиу-джитсу күрес түрінен Қызылорда қаласында жасөспірімдер арасында өткен облыстық жарыста жерлестеріміз Нұрислам Абдіжәлел мен Ернұр Длимбетов І орын алса, Аслан Нұрлан, Диас Құдайбергенұлы және Айдар Арманұлы ІІ орынды иеленді. Ал, Нұржігіт Бегімбетов, Нұрсұлтан Серікбай, Әлиахмет Ерболұлы ІІІ орынды қанағат тұтты. Яғни, он екі спортшының 9-ы жеңістің төрінен көрініп, жаттықтырушы мен сенім артып жіберген ата-аналарының үмітін ақтады. Жас жеткіншектерді спортқа баулып, жетістікке жетелеп жүрген бапкердің бірі ұлттық жекпе-жектен, грепплингтен спорт шебері, жаттықтырушы Ербол Длимбетов.
– Джиу-джитсу – бұл бірінші кезекте өз-өзіңмен күресу. Қиындыққа қарсы тұрсаң, бәрін жеңесің. Біз оларға кілемде де, өмірде де қалай қиындыққа қарсы тұруды үйретуге тырысамыз. Менің топқа қосқан шәкірттерім барлық бәсекелерде топ жарып жүр. Осы жарыста да мықты екендерін дәлелдеді, – дейді бапкер.
Баласы бәйге шапса, анасы үйде отырып тақым қысар дегендей, жас спортшылырдың жігерін жасытпай, облыста өткен жарысқа әр баланың ата аналары жол қаражатын өзі шығарып берген. Жас та болса жеңіске деген жігерінің арқасында жүлделі оралған спортшыларымызды құттықтай отырып, талаптарыңнан таймаңдар, жетістіктен-жетістікке жете беріңдер дейміз.

Ш.ШАҒДАТҰЛЫ
12 қазан 2021 ж. 545 0