Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Оралдан олжамен оралды

Оралдан олжамен оралды

Газеттің №56 санында Алматы қаласында өткен «Оңтүстік батыры» республикалық ашық турнирінде өнер көрсетіп, жетістікке жеткен спортшылар туралы қалам түрткен болатынбыз. Енді міне ­Ербол Длимбетов бастаған спортшылар туралы ақпаратты тағы ұсынғалы отырмыз.
Өткен аптада қол жұмсайтын ұрыс (рукопашный бой) ТМД елдері бойынша, АДС Джиу-джитсудан және ұлттық жекпе-жектен, грепплингтен спорт шебері, жаттықтырушы Ербол Длимбетов жүгін түйіп, шәкірттерімен бірге Орал қаласына жол тартқан болатын.
Панкратионнан Қазақстан Республикасының кубогы үшін өткен жарыста Абылай Шакирбеков пен Диас Құдайбергенұлы І орын алса, Бақдәулет Тұрсматов пен Ерсұлтан Серіков ІІ орынды жеңіп алды. Ал, Айдын Жәнібеков ІІІ орынды қанағат тұтты. Яғни, тоғыз спортшының 5-еуі жеңістің төрінен көрініп, жаттықтырушы мен сенім артып жіберген ата-аналарының үмітін ақтады. Сонымен қатар, Панкратионнан Қазақстан Республикасының кубогын иеленді. Диас Құдайбергенұлы және Абылай Шакибеков спорт шебері дәрежесін қорғап, әлемдік турнирге жолдама алды. Ербол Длимбетов жаттықтырушы:
– Орал жақын жер емес әрине. Бұл жарысқа көп балаларды дайындаған болатынмын. Бірақ, қаржылық қиындықтарға байланысты тек тоғыз шәкіртім ғана турнирде өнер көрсетті. Алдағы уақытта спорт жанашырлары қолдау көрсетсе, әлі талай белестерді бағындырамыз, – дейді.
«Жоқшылық – жомарт ердің қолын байлар» демекші қолдаушылар болса білікті жаттықтырушының қолынан талай спорт шеберлері мен қазақтың Туын көкке көтеретін чемпиондар тәрбиеленіп шығары анық.

Ерұлан ДАТКЕНОВ
24 қыркүйек 2021 ж. 621 0