Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жерлестеріміз жеңіспен оралды

Жерлестеріміз жеңіспен оралды

Грепплинг – барлық ауырту тәсілдерін қамтитын күрестің бір түрі. Нағыз техникалық шеберлік пен ақылдың спорты. Грепплингте дзюдо, бразилиялық джиу-джитсу, еркін күрес пен самбо әдіс-тәсілдері қолданылады. Осы санаттағы халықаралық жарыстар 1998 жылдан бері ұйымдастырылып келеді.
Білектің күшімен қатар шеберлікті талап ететін бұл спорт түрімен шұғылдануға кез келген жігіттің жүрегі дауалай бермейді. Қайсар мінез бен қайтпас жігерді талап ететін бұл спорт қаншалықты қиын болса да аудан жастарының шұғылданып келе жатқанына биыл 9 жыл болды. Спорт жанашырларының арқасында алғаш болып 2012 жылы ашылған спорт залда спортшылар үлкен додаларға жолдама ала білді. Осы жылдар арасында жоғарыда аталған спорт түрінен көк туды көкке көтерген талай тарландар тәлім алды. Атап айтсақ, Ғани Әділсерік екі дүркін әлем чемпионы атанса, Олжас Есқараев халықаралық турнирлерде жеңістің туын биікке көтерді. Ал, осы істің басы-қасында жүрген жаттықтырушы Ербол Длимбетов 2010 жылы өзі армандаған Алматы қаласындағы спорт-туризм академиясын тәмамдаған. Қол жұмсайтын ұрыс (рукопашный бой) ТМД елдері бойынша, АДС Джиу-джитсудан және ұлттық жекпе-жектен, грепплингтен спорт шебері.
Білікті жаттықтырушы Ерболдың ізін жалғар шәкірттері таяуда өздерінің осал қарсылас емес екендіктерін дәлелдеді. Нақтырақ тоқталсақ жақында Алматы қаласында өткен грепплинг UWW күресінен балалар мен жасөспірімдер арасында Алматы облысының «Оңтүстік батыры» республикалық ашық турнирінде жеңістің төрінен көріне білді. 30 келі салмақта Абылай Акбаров ІІ орынды ұтып, күмістен алқа тақса, 27 келі салмақта ІІІ орынды Нұрислам Әбдіжәлел қанағат тұтты. Ал, Әбдірахман Мысырханов 46 келі салмақта өнер көрсетіп ІІІ орынға тұрақтаса, 42 салмақта Бақдәулет Тұрсыматов NO GI түрінен ІІІ орын, GI бойынша яғни киманомен І орын алды. Сондай-ақ, Мақсат Қанқожаев ІІІ орын, Бақдәулет ­Молдахметов ІІ орынға тұрақтап, ауданға қуанышты хабармен оралды.
Осы шәкірттердің шеберлігін шыңдап жүрген Ербол Ермағанбетұлы «Алда әлі талай сынақтар күтіп тұр. Қолдау болып жатса әлі талай жетістіктерге қол жеткіземіз. Сол үшін жұмыс істеп келеміз. Барлығы да шәкірттерімнің болашағы үшін. Олардың жеңісі мен биіктен көрінгені біздің ғана емес, ауданның да абыройы екені белгілі» дейді.

Ерұлан ДАТКЕНОВ
17 шілде 2021 ж. 826 0