Асылжан рекордты жаңартты
Газеттің өткен санында ғана шиелілік жас спортшы Асылжан Бектайдың халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағын алғанын сүйіншілеп, хабарлаған едік. Талабы зор зілтемірші көп ұзамай тағы бір жетістігімен аудан жұртшылығын қуанышқа бөледі.
Өткен аптада облыс орталығында ауыр атлетикадан 20 жасқа дейінгі жастар арасында республикалық чемпионат өтті. Аталған жарысқа ауданнан зілтемірші ұл-қыздар қатысып,бірқатары жүлделі орындардан көрінді. Талапты ұлдар 67 кг салмақ дәрежесіндегі Бексұлтан Төлепов пен 96 кг салмақтағы Шахизат Әбдраманов жүлделі ІІІ орынды иеленді. 87 келіден жоғары салмақта сынға түскен бұрымдымыз Айсамал Сансызбаева қос сайыс бойынша 216 кг бағындырып, І орынды жеңіп алды. Ал,Шиелінің мақтанышы, жуырда ғана халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағына ие болған 81 кг салмақтағы Асылжан Бектай қос сайыс бойынша 343 кг зіл темірді көтеріп, жүлделі І орынға ие болды. Жұлқа көтеруден – 153 кг, серпеде – 190 кг зілтемірді еш қиналмай көтерген Асылжан Бектай бұл жолы да қос сайыс бойынша ҚР чемпионатының рекортын жаңартты. Жаттықтырушылары Қалдыбай Түкбаев, Мұхаммед Тұрысбековтер Асылжаннан көп үміт күтіп, оның әлемдік деңгейде жоғары жетістікке жететініне сенеді.
Г.СӘБИТҚЫЗЫ.