Жеңістің туын тағы да желбіретті
Жуырда Ақмая ауылдық спорт кешенінің жаттықтырушысы Нариман Елеупановтың жетекшілігімен 16 спортшы Қызылорда қаласында өткен облыстық аралас жекпе-жек түрлерінен жарысқа қатысқан болатын. Нәтижесінде 13 медальді қоржынға салып, ауданның абыройын тағы бір асқақтатты.
«Еске сала кетейік, осыдан біраз уақыт бұрын ММА аралас жекпе-жек түрлерінен Оңтүстік Қазақстан облысында өткен сайыста да спортшыларымыз 15 медаль иеленген болатын. Бұл жолы да қанжығалары майланған спортшылардың қарқыны да үдей түсті» – дейді Н.Елеупанов.1999-2011 жылдар аралығында туылған жасөспірімдер арасындағы ММА, панкриатон сынды аралас жекпе-жек түрінен жерлестеріміз 7 алтын, 2 күміс, 4 қола алқаны мойнына тақты.
Спортшыларға қолдау көрсетіп, ту ұстар жас толағайларды даярлауда Н.Елеупановтың тынымсыз еңбегі өз жемісін көрсетуде. Алдағы уақытта, нақтырақ айтсақ, наурыз айының 1-4 аралығында Семей қаласында өтетін республикалық жарысқа қызу дайындығын да байқадық. Жасөспірімдердің көздеріндегі жалыннан жеңіске деген құштарлықты көрмеу мүмкін емес. Сондай-ақ, 4 спортшы наурыз айының соңында Қазақстан біріншілігіне барады.
Бәйгеге қосар жүйрігінің шабысын аңдаған атбегі сынды ақмаялық бапкердің даярлаған спортшылары сақадай сай. Жерлестерімізге жеңіс тілеп, көк байрағымызды желбірете берулеріне тілектестігімізді білдіреміз.
Г.ДҮЙСЕБАЙ.