Жаһандық жарысқа жолдама алды

Панкратион спортынан Астана қаласында өткен Республикалық біріншілікте 16 облыстан 280-ге жуық спортшы бақ сынады. Байрақты бәсекеде жерлесіміз Ербол Ділімбетов пен Олжас Есқараев бірінші орынға ие болса, ал Ғани Әділсерік екінші орынды жеңіп алды. Үш спортшы да өз мықтылығын дәлелдеп, аудан абыройын асқақтатып қайтты. Жарыс жолындағы қарсыластарын қапы қалдырды.
– Қазақстан Республикасының чемпионатында әлсіз қарсыластың болмайтынын іштей сездік. Бізде тыңғылықты дайындықпен бардық. Әрине барлығы да білекті, мықты спортшылар. Бірақ бар күшімізді салдық. Күнделікті жаттығулардағы айла-тәсілдерді қолданып, қарсыластарымызды жеңіп, алтын жүлдеге қол жеткіздік, – дейді Ербол.
Үш бірдей жерлесіміздің жеңіске деген құлшынысы мен жүлде алғандағы қуанышы шынымен-ақ ерекше. Қолдау болса биікке қанат қағатын жастардың жігерлі мен жалыны жана түсетіні сөзсіз. Бізбен әңгімелесуге келісіп, қуанышын бөліскен Ербол Ділімбетов:
– Шиеліде қадамынан зор үміт күтетін жас спортшылардың қарасы өте көп. Әсіресе, бір кездері ауданда кенже қалған осы жекпе-жек түрлерінің бүгінгі даму қарқыны өте жақсы. Оның бір дәлел осы Олжас Есқараев пен Ғани Әділсеріктің жеңісі дер едім. Осы спортты дамытуға күш сала береміз. Әрине оған аудан әкімдігі тарапынан қолдау болса, – дейді. Айта кету керек биыл әлем чемпионатына 7 бала жолдама алды. Оның 3-еуі ересектер, ал 4-еуі жасөспірімдер. Ендеше алдағы уақытта біз де, жерлестеріміздің жеңісін күтетін боламыз.
Ш.Тілеубаев