Алтын таққан Айсамал
Салауатты өмір салтын ұстануға спорттың тигізер пайдасы зор. «Дені сау ұлт бәсекеге қабілетті болады. Сондықтан спорттың бұқаралық сипатын дамыту – мемлекетіміздің стратегиялық басым бағыттарының бірі» деп Елбасы Жолдауында айтқандай, қазіргі таңда спорттың қай саласы болсын қарқынды дамып келеді. Сәйкесінше байрақты бәсекеде қазақ елінің намысын көкке көтеріп, жеңістің жемісін көріп жүрген жерлестеріміз де жетерлік. Соның бірі – Айсамал Сансызбаева.
А.Сансызбаева – Шиелі ауданының тумасы. Ол өткен жылы Солтүстік Кореяның Пхеньян қаласында болған Азия чемпионатында 2 мәрте күміс жүлдесін иеленген. Қазіргі таңда Ж.Баһадүр атындағы олимпиадалық резервтің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінде оқиды.
А.Сансызбаева – Шиелі ауданының тумасы. Ол өткен жылы Солтүстік Кореяның Пхеньян қаласында болған Азия чемпионатында 2 мәрте күміс жүлдесін иеленген. Қазіргі таңда Ж.Баһадүр атындағы олимпиадалық резервтің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінде оқиды.
Жуырда Айсамалдың қоржыны тағы бір жүлдемен толықты. Жүрегі нәзік, білегі мығым спортшы қыз Перудің Лима қаласында ауыр атлетикадан өткен онлайн Әлем кубогі жарысының соңғы күнінде 81 келіден жоғары салмақ дәрежесінде жасөспірімдер арасында сынға түсіп, жұлқа көтеруде – 107, серпе көтеруде – 137 келіні көтеріп, нәтижесінде 244 келіні бағындырды. Сабырлық пен сенімділікті жанына серік еткен спортшы қыздың қанатын қомдап, бұл бәсекеге баулыған жаттықтырушылары – Арман Абдраев пен Нұрсұлтан Бахрадин.
Айта кетейік, дүбірлі додаға еліміздің намысын қорғау мақсатында облыстан төрт спортшы қатысқан. Оның ішінде Рахат Бекболат пен Айсамал Сансызбаева Әлем кубогінің жеңімпазы атанса, Азамат Төлеген мен Мейрамбек Әбдіхалық жүлделі төртінші орынды иеленді.
Маржан БОЛАТ