Дүбірлі додада бағы жанған Диас
Жуырда Түркістан облысы, Отырар ауданы, Шәуілдір ауылында «Оқсыз» спорт кешенінде жасөспірімдер арасында байрақты бәсекенің жалауы желбіреді. Аталмыш жарыс «Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы» және «Қ.Мұңайтпасұлының 150 жылдық» мерейтойына арналған қазақ күресінен 2006-2007 жылы дүниеге келген жасөспірімдер арасында облыстық ашық турнир өтті.
Қазақ күресінің қадамы бүгінде қарқынды дамып келеді. Ұлттық рухты жаңғыртуға ықпал ететін қазақ күресін барлық облыс көлемінде дамыту – елімізде салауатты өмір салтын насихаттап, спортшылардың спорттық шеберліктерін арттырып, жасөспірімдерді достыққа, патриоттық сезімге, ұлттық мәдениетке тәрбиелеуде өз үлесін тигізіп келеді. Салауатты өмір салтын сабақтауға баулудың алғашқы баспалдағы №9 аудандық олимпиадалық резервтің мамандандырылған жасөспірімдер мектебінен басталады. Бүгінгі таңда мектепте 810 жасөспірім спорттың он үш түрінен машығады. Балғын балдардың жеткен жетістіктері де жетерлік. Аудандық, халықаралық, республикалық жарыстарда жеңіс тұғырынан көрініп ауданның абыройын асқақтатып келеді.
Бұл чемпионатқа бас-аяғы 420-ға жуық спортшы қатысып, соның ішінде шиелілік балуанның бәсі жоғары болды. Ауданның намысын Диас Маратұлы қорғап, алтыннан алқа тақты. 42 келі салмақта өнер көрсеткен чемпионның жаттықтырушысы – Бауыржан Мырзалиев. №45 «Ақ Орда» гимназиясының 8 сынып оқушысы. Спортта алғыр балуанның болашағынан тәлімгерлері зор үміт күтіп отыр. Ендеше жас өреннің жеңісті жолы жалғаса берсін демекпіз.
Шапағат Тілеубаев