«Қазақстан барысы» турнирінің жеңімпазына 25 млн теңге табысталады
8 маусымда еліміздің 36 үздік балуаны «Қазақстан барысы» атағына бәйгеге түседі, деп хабарлайды Елорда Инфо. Баспасөз-конференцияға ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сәпиев, Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиада комитеті Спорт дирекциясының директоры Елсияр Қанағатов, «ORDA INVEST» корпорациясының Басқарма төрағасы, Шалқарбек Талипов, ҚР қазақ күресі федерациясының президенті Арман Шораев қатысты. Дәстүрлі шара ұлттық спорт түрлерін дамыту арқылы салауатты өмір салтын қалыптастыру қағидаттарын насихаттау, жастарды ұлттық спорт түрлерімен шұғылдануға тарту арқылы олардың бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастыру, қазақ күресін өркендету, оны ұлттық идея деңгейіне және халықаралық аренадағы беделін көтеру мақсатында өткізіледі. Осымен тоғызыншы рет өтетін бәсекеге еліміздің 14 облысынан, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларынан және күштік құрылымдар арасындағы турнирде іріктеуден өткен 36 үздік балуан қатысады. Ресми салмақ өлшеу рәсімі 6 маусымда сағат 19.00-ге белгіленді. «Қазақстан барысы» турнирі 8 маусымда 13:00-де балуандардың жеребе тарту рәсімінен басталмақ. Тартысты белдесулер жеті сағатқа созылады деп жоспарланған. Шара аясында спорттық сайыстармен қатар концерттік бағдарлама мен керемет шоу өтеді деп күтілуде. «Қазақстан барысы» турнирінің биылғы жүлде қоры қомақты. Жеңімпаз атанған балуанға алтын белбеу мен алтыннан құйылған ауыспалы «Тайтұяқ» табысталады. Екінші және үшінші орын иегерлері сәйкесінше күміс және қола белбеулермен марапатталады. Сонымен қатар, әр белдесудегі жеңіске 100 000 теңге беріледі. Сондай-ақ, жылдағы дәстүрге сай жанкүйерлер арасында автокөлік ойнатылады. Турнир елордадағы «Барыс Арена» мұз сарайында өтеді.
www.24.kz