Бес бастама: әр бағытта ерекше қарқын бар

Одан әрі кеңес мүшелері қаладан 40 шақырым қашықтықта орналасқан «Қараөзек» жоғары технологиялық газ-компрессорлық стансасына бағыт алды. Президенттің 5 әлеуметтік бастамасы аясындағы «Қараөзек» станцяисы «Қызылорда-Жезқазған-Қарағанды-Теміртау-Астана» бағыты бойынша магистральдық газ құбырының қақпасы болып табылады. Онда делегация станцияның қуаттылығымен, іске қосылуға дайындық барысымен танысты.
Жалпы, «Қараөзек» стансасы «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральдық газ құбырының 944 шақырымда орналасқан, осы жылғы сәуірде Ақтөбе облысында пайдалануға енгізілген «Бозой» станциясынан қосарлы жұмысқа есептелген. Станцияның мүмкіндігі «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральдық газ құбырының өткізгіштік қабілеттілігін 10 млрд текше метр газға дейін ұлғайтуға мүмкіндік берді. Бұдан басқа «Қараөзек» КС құрылысы Астананы және солтүстік өңірлерді газдандыруды есепке ала отырып, жоспарланған. Бұл мақсатты орындауға станция қуаты толығымен жетеді.
Шарада ҚР Энергетика министрлігі Газ өнеркәсібін дамыту департаментінің директоры Зияш Қияқбаев осы жұмыстар төңірегінде айтып өтті.
Сондай-ақ, «Электротехнология» ЖШС оқу орталығы да назарға ұсынылды. Оқу орталығы биылғы жылдың наурыз айында өз жұмысын бастаған. Онда электр-газбен дәнекерлеуші, электр жабдықтарына қызмет көрсетуші және жөндеуші мамандықтары бойынша мамандар даярланады. Қазір мұнда 61 азамат білім алуда. Электр-газбен дәнекерлеуші мамандығы бойынша 33 азамат бітіріп шыққан. Оқыту мерзімі – 3 ай. Бітірген мамандардың көпшілігі тұрақты жұмысқа қабылданған.
Мұнан кейін ҚР Президентінің бес әлеуметтік бастамасын іске асыруды бақылау бойынша Қоғамдық кеңес мүшелері Шиелі ауданындағы Талаптан ауылдық округінде орналасқан «Шиелі-төрт түлігі» ауыл шаруашылығы өндірістік коорперативінің және «Ару Ана» түйе сүтін өңдеу цехының жұмысымен танысты.
Сара АДАЙБАЕВА,
«Сыр бойы».