Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » КАРРЕР Д’АНКОСС: ПУТИНМЕН ДҰРЫСТАП СӨЙЛЕСУ КЕРЕК

КАРРЕР Д’АНКОСС: ПУТИНМЕН ДҰРЫСТАП СӨЙЛЕСУ КЕРЕК


Қазіргі уақытта Ресей мен Батыс елдері, сонымен қатар АҚШ арасында саяси жағдайдың күрт шиеленісіп тұрғаны жалпақ жұртшылыққа мәлім. Алдағы уақытта жағдай күрделене бере ме немесе қашанға дейін созылуы мүмкін?
Бүгінгі таңда халықаралық саяастпен басы ауыратын азаматтардың барлығын да толғандырып отырған осы мәселе. Екі тарап Корей түбегінде араздықты жою үшін үлкен қадамға барып жатыр. Ким Чен Ын мен Доналдь Трамптың кездесетені анық болды. Ал Ресеймен арадағы жағдай осылай күрделі қалпында қала бере ме? Мүмкін Путинмен Батыс елдері мәмілеге келер. Бірақ дәл қазіргі уақытта жағдайды реттеу үшін мұндай алғышарттар жасалынып отырған жоқ.
Қайта Ресейге қысым жасау деректері әлі де жалғасуда. Кеше The Guardian басылымы Британияның халықаралық қатынаста Ресейге тұрақты түрде қысым жасауға қатысты арнайы жобалар жасап жатқанын мәлімдеді. Ұлыбританияның Сыртқы істер министрі Борис Джонсон «Үлкен жиырмалық» және «Үлкен жетілік» елдері саммиті аясында Ресей жүргізіп отырған саясатқа тосқауыл қою туралы мәселе қоятынын мәлім етті.
Сыртқы істер министрінің айтуына қарағанда, «Солсбери қаласында «Сергей Скрипаль ісі» мен Сириядағы бейбіт халыққа қарсы жасалған химиялық шабуылға тікелей Ресейдің қатысы бар. Сондықтан бүкіл әлемді жаулап бара жатқан Ресей негізсіз насихатын тоқтату керек». Осыған орай Британия Ресейдің халықаралық саясатта жүргізіп отырған біржақты саясатына тосқауыл қойып, қысымды күшейтуге шақырды. Оның ішінде киберқауіпсіздік, Батыс елдеріне Ресей қатері және тағы басқа мәселелер бар.
Сыртқы істер министрінің айтуынша, Сергей Скрипальды орыс арнаулы қызмет орындарының жансыздары улағаннан кейін Британия-Ресей қатынасы тіпті нашарлап кетті. Оның үстіне Сириядағы уланған бейбіт тұрғындарға ресми Мәскеудің тікелей қатысы бар.  Осыған жауап ретінде Лондон орыстардың 35 дипломатын елден шығару туралы шешім қабылдады.
Ресей де үнсіз қалған жоқ, қарсы жауап берді. Мәскеу Санк-Петербург пен Ресейдің бірқатар қалаларындағы бас консулдықты жапты. Ұлыбританияның бірқатар елшілері мен қызметкерлері елден шығарылды. Лондонның мәлімдемесінен кейін әлемнің әр түкпіріндегі 20-дан астам және негізінен батыс елдерінде Ресей елшілігінің қызметкерлері күрт қысқарды.
Бірақ ең басты мәселе мынада: Ресеймен арадағы жағдай қашанға дейін осылай шиеленісе береді? Тоқтау бола ма?
Әрине, мұны бірден тоқтату мүмкін емес. Бірақ батыс елдерінің бірқатар сарапшылары «Путинді де түсіну керек» деген ойда. Неге? Алып империя Кеңес Одағы құлағаннан кейін өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары Югославия бірнеше мемлекетке бөлінді. Кеңес Одағының Еуропадағы ең басты одастасы болған бұл мемлекет те ыдырап кетті. Батыс пен АҚШ,  ал екінші жақта Ресейдің жалғыз өзі қалды.

–НАТО ұйымына мүше елдер Белградты бомбалағанда, одақтасына Ресей қолдау көрсете алмады. Ол кезде Ленинградта жүрген Путин мұның барлығын көрді, сезді, жан-жүрегінен өткізді. Ресей түк істей алмай, хаостық жағдайда қалды. Мұны Батыс елдері мен НАТО ұйымына мүше елдер пайдаланып кетті. БҰҰ –ның Қауіпсіздік кеңесінде Белградтағы жағдайға қатысты Мәскеу мәселе көтергенде, олардың сөзін ешкім қолдаған жоқ. Батыс елдері мен АҚШ халқы кедей, тұрмысы ауыр, экономикасы қалжыраған Ресейді менсінген жоқ. Югославияны бірнеше мемлекетке ыдыратып жіберді. Кейін Путин премьер-министр, артынан президент болды. Кейін ол алдына бір-ақ мақсат қойды: әлем елдері  Ресейді ойыншық қыла алмайды. Сол үшін жұмыс істеді, – деді кеше британдық басылымдарға берген сұхбатында тарихшы, Француз академиясының хатшысы, Ресей жөніндегі арнаулы маман Элен Каррер д’Анкосс.
Француз тарихшысының айтуына қарағанда, «әлемнің алпауыт елдері Путиннің жүргізіп отырған саясатына да құрметпен қарауы тиіс. Путин «Ресейді әлемдегі ұлы держава» деп қабылдайды. Ақиқатына келгенде,  өзінің алдына қойған мақсат-міндетін орындады. Ол бір орталыққа бағынған, тұрмысы түзеліп, экономикасы әл жинап келе жатқан Ресейді құрды. Ресей әлі де күшейе түседі. Сондықтан НАТО, ЕуроОдақ пен АҚШ барлығы да бір мәмілеге келуі керек. Путин өз Отанын сүйеді. Билікте қайта –қайта қалып жатқанының да сыры осы. Ол алпауыт елдердің алдында ешқашан Ресейді әлсіз еткісі келмейді. Сондықтан оның да жағдайын түсіну қажет».
Ал бүгінгі тығырықтан шығатын жол бар ма? Бар. Осыған орай Ресей жөніндегі маман, француз сарапшысы «Батыс елдері мен Ресей мәмілеге келу керек» деп санайды. Бұлай жалғаса берсе,  жақсылыққа апармайды.
–Путин жөнге көнетін адам, тек онымен барлық жағдайды сарапқа сала отырып, дұрыстап салмақты түрде сөйлесе алу керек. Батыстың санкциясы екі тарапқа да нәтиже бермейді. Одан орасан зор зиян шегіп жатырмыз. Оның зардабын халық пен тұтынушылар тартты.  Біз Еуразия кеңістігінде алып ел Ресей нарығын жоғалтып отырмыз, –дейді француз сарапшысы Элен Каррер д’Анкосс.
Әрине әңгіменің тоқетеріне тоқталсақ, Ресеймен арадағы жағдай Украинаның екі облысы мен Қырымдағы оқиғаға қатысты нашарлағаны белгілі. Одан бері бірнеше жыл өтсе де, мәселе күрделі күйінде қалып отыр.  Ресейге қысым жасау тіпті күшейді. Донбастағы жағдайды реттеуге қатысты бірнеше рет «Минск келісімі»  жасалса да, әлі орындалған жоқ. Бір ақиқаты, қарым-қатынас осылай салқындап кете беретін болса, жағдай мүлде реттелмейді. Кеше елдің  Қауіпсіздік кеңесінің отырысы өтіп, онда Украинаның ТМД –ның атқару органындағы барлық өкілдерін кері шақырып алу туралы шешім мақұлданды.
–Түкке пайдасы жоқ ондай органнан біз шығуымыз керек. Сондықтан Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының үйлестіру органындағы өкілдер кері қайтарылуы тиіс, –деп мәлімдеді президент Петр Порошенко.
Расында да қазіргі әлем теңселіп тұр. Барлығы өз саясатын дұрыс деп есептейді. Шешімге келер ешқайсысы жоқ. Бұл қашанға дейін созылуы мүмкін? Бірақ бір ақиқат бар: Бәрі де Путинге байланысты…
Берік БЕЙСЕНҰЛЫ
04 мамыр 2018 ж. 928 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930