Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «ҒАСЫР КЕЗДЕСУІ» ӨТУІ МҮМКІН БЕ?

«ҒАСЫР КЕЗДЕСУІ» ӨТУІ МҮМКІН БЕ?


Бірнеше аптадан бері АҚШ президенті Дональд Трамп пен Солтүстік Кореяның басшысы Ким Чен Ынның кездесу мүмкіндігі туралы жорамалды бүкіләлемдік БАҚ қызу талқыға салып жатыр.
Осыдан бірер апта бұрын Пхеньянда Оңтүстік Кореяның бір топ делегация құрамымен кездескен солтүстіктегі әрептестері келіссөз барысында өз көсемдері Ким Чен Ынның АҚШ президентімен жолыққысы келетіні туралы әңгіме қозғаған. Жақсылық хабар жерде жатсын ба, бұл ақпарат әп-сәтте Трамптың құлағына жетті.  Үшбу ресми хат Ақ үйге жолданды. Осыған орай соңғы бір жылдан бері Солтүстік Коряға қарсы қысымды күрт күшейткен Ақ үйдің басшысы кездесудің мүмкіндігі өте жоғары екендігін жедел айтты. Дәл қазір екі ел президенттерінің жолығуы туралы әңгіме қызу талқыға салынып жатыр. Егер бұл мүмкіндік жүзеге асатын болса, Дональд Трамп АҚШ басшыларының тарихында Солтүстік Корея көсемімен жедел түрде кездескісі келген лидер ретінде тарихта қалуы мүмкін.
АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Тиллерсон да Ким Чен Ынмен кездесу жөніндегі шешімді Дональд Трамп өздігінен дербес қабылдағанын мәлім етті. Сондықтан бұл бастаманың болу мүмкіндігін ешкім де жоққа шығара алмайды. Бірақ ол қайда, қандай сипатта өтеді, онда басты әңгіме не болуы мүмкін? Санкцияны алу немесе ядролық қару сынауды тоқтату туралы шығар. Бұл жөнінде әлі нақты шешім қабылданған жоқ, мәселенің барлығы да әңгіме күйінде қызу талқылануда.  Бұған қатысты мемлекеттік хатшы Тиллерсон да «кездесудің жай-жапсары мен оны өткізу туралы мәселе әзірге тек әңгіме сипатында  ғана қалып отыр» деп мәлімдеді.
Бірақ бірқатар БАҚ «екі президент арасындағы кездесу мамыр айының соңына қарай өтеді» деген ақпаратты таратып отыр. Бұл қандай негізге сүйеніп жасалғаны әлі белгісіз. Қалай айтқанда да, АҚШ пен оның одақтастары  арасында Солтүстік Коряға қарсы жасалған санкциядан кейін шын мәнінде Ким Чен Ын ойланып қалған сияқты. Енді басқа амал жоқ, халықтың жағдайы өте қиын. Кедейшілікте өмір сүреді. Тұрмыстың ауырлығынан Оңтүстік Кореяға қашып жатқан кәрістер соңғы жылдары тіпті көбейіп кетті. Пхенчанда өткен қысқы олимпиадада бір тудың астында өнер көрсеткен екі елдің әрекетінен кейін қос мемлекет арасындағы қарым-қатынаста жылымық орнағаны жалпақ жұртшылыққа белгілі. Міне бұл жағымды жайтқа көп уақыт өтпей жатып, Ким Чен Ын оңтүстіктегі әріптестерімен кездесіп, солар арқылы Америкаға үшбу хат жіберген. Ал оның соңы немен аяқталады, шындығында екі ел басшысы кездесе ме, ол жағын алдағы уақыт көрсетеді. Егер де АҚШ пен Солтүстік Корея басшыларының бастамалары жүзеге асатын болса, қандай жағдайларға қарамастан, саяси сарапшылар айтып отырғандай, бұл мәміле «ғасыр кездесуі» болуы ықтимал.
Әрине, бұл жерде АҚШ-тың ғана қысымы Солтүстік Корея лидерін ойлантып тастады деп айтуға келмейді. Ақ үй басшысы «Қытай арқылы да ресми Пхеньянға ықпал етті» деп жорамал жасауға болады. Өйткені  нарықта Солтүстік Кореяның сауда қатынасының 50-60 пайызы Қытаймен дамып отыр. Солтүстіктегі кәрістер тұрмыстағы тұтыну мен азық-түлік тауарларын негізінен Қытайдан алады. Былтыр АҚШ-та өткен кездесуде Дональд Трамп «аспанасты елінің басшысы бұл саяси ойында үлкен роль атқара алады» деп, Цзиньпинге сенім білдірген.  «Тіпті мен оған бір ай уақыт бердім» деп астамшылық танытып  сөйлегені де бар.
Бұл жайт кеше Дональд Трамп пен Цзиньпинмен телефон арасындағы әңгімеде тағы да сөз болды. Екеуі де Солтүстік Кореяға қысым жасап, санкция салуды жалғастыра беруге келісті. Екі ел басшысы да кездесудің мүмкіндігі үлкен нәтиже беретінін айтты. Ақ үй таратқан мәлімдеменің мазмұнына назар аударсақ, «Солтүстік Корея лидері өз елінің жарқын болашағы үшін алдағы уақытта жаңа бейбіт және тұрақтылық жолын таңдайды».
Расында саяси жауырыншылар атап көрсеткен «ғасыр кездесуі» әлемдік арасалмақта көп мәселені шешуі мүмкін. «Ең алдымен Корея жартытүбегінде тұрақталық орнайды, Жапония мен Оңтүстік Корея және Қытай шекара  жаққа қарап алаңдауды қояды» деген сенім бар. Бұл ғана емес, екі ел лидерінің кездесуі туралы әңгімеден соң, АҚШ-қа телефон шалушы мемлекет басшыларының қатары көбейді. Ақ үй басшысы Трампқа хабарласқан Франция президенті Эмманюэль Макрон да бұл кездесуге ілтипатын білдіріп, «халықаралық қауымдастық үшін үлкен прогресс болар еді» деген сипатта жылы емеурінін білдірген.
ЕуроОдақ дипломатиясының өкілі Федерики Могерини – Майя Косьянчич «Трамптың кездесуге ыстық ықылас танытып отыруы әлем елдері үшін тосын сый емес, қайта жағдайды ушықтырмай, жедел шешуге жасалған оң әрі жағымды әрекет» деп бағалады.
«Кездесудің қай жерде өтетіні маңызды емес, басты мәселе мәмілеге келуде. Сондықтан дайындыққа бірнеше апта керек». АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы  Тиллерсон әлемдік БАҚ талқыға салған мәселенің шешімі жедел қарастырылып жатқанын мәлім етті.
Ресейдің Сыртқы істер министрі Сергей Лавров та «ең қуанарлығы екіжақты кездесуге батыл қадам жасалынып отыр. Бұл әңгіме күйінде қалмауы керек. Корей жартытүбегіндегі жағдайды тұрақтандыруға Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея ғана емес, Ресей, жалпы халықаралық қауымдастық та мүдделі. Сондықтан бұл кездесудің өтуі өте маңызды. «Бұл жерде  Солтүстік Кореяны келіссөз столына отыруға не итермеледі?» деген мәселені талқыға салудың керегі жоқ. Бастысы біз кездесудің нәтижелі болатынына үміттенейік», – деді.
Расында да АҚШ президенті Дональд Трамп пен Солтүстік Корея көсемі Ким Чен Ынның  кездесуі өтетін болса, бұл әлем күткен  жағымды саяси нәтижеге апаратын күрделі әрі қажетті  оң прогресс болар еді.
…Күтейік.
Берік БЕЙСЕНҰЛЫ
10 наурыз 2018 ж. 1 128 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№97 (9261)

06 желтоқсан 2024 ж.

№96 (9260)

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (9259)

01 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031