ӘЛЕМДІ ӘБІГЕРГЕ ТҮСІРГЕН ЖАРЛЫҚ
АҚШ президенті Дональд Трамп сыртқы елдерден келетін болат металл мен алюминийге баж салығын енгізу туралы Жарлыққа қол қойды. Алайда президенттің бұл шешімін қолдамай жатқандар баршылық. Ең алдымен, АҚШ-қа болат пен алюминий экспорттайтын елдер қарсылығын білдірді. Тіпті кейбір мемлекеттер осы әрекеті үшін Америка жауапсыз қалмайтынын да айтты. Дональд Трамп болса, әлі де өз әрекетін құптап отыр. «Біріншіден, біз Американың ұлттық қауіпсіздігін ойлағанымыз абзал, екіншіден, өзіміздің отандық өнімді қолдағанымыз жөн», – деді ол. АҚШ президентінің жарлығы 15 күннен кейін заңды күшіне енеді. Бірақ…
Америка нарығына сараптама жасайтын болсақ, болат пен алюминий Канада, ЕуроОдақ елдері мен Оңтүстік Корея және Мексикадан көбірек келеді. Бұл орайда Ақ үй қожайыны кейбір елдерге жеңілдік жасалуы мүмкін екендігін де ескертті. Атап айтқанда, Канада, Мексика және Оңтүстік Корея ғана баж салығынан босатылуы ықтимал. Сондықтан аталған елдермен алдын ала келіссөз жүргізіледі. Егер келісім болып жатса, онда қалған мемлекеттердің импорттық тауарларына міндетті түрде баж салығы енгізіледі. Болат өндірушілерді жинап, солардың көз алдында жарлыққа қол қойған Трамптың бұл әрекеті қаншалықты өзін ақтайды? Бірақ қалай десек те, АҚШ президенті сайлау алдында айтқан уәдесінде тұрды. Отандық өндірушілерді қолдау үшін сырттан тасымалданатын бірқатар импорттық тауарларға баж салығын енгізуді бастады. Дегенмен Ақ үй қожайынының бұл әрекетін қолдамай жатқандар көп. Әсіресе, ЕуроОдаққа мүше елдер бірден наразылығын білдіріп жатыр. Өйткені АҚШ-қа металдың басым бөлігі Еуропадан келеді.
Еурокомиссияның сауда жөніндегі комиссары Сесилия Мальмстрем бұл жөнінде алдағы аптада АҚШ-тың сауда бойынша ресми өкілі Роберт Лайтхайзермен Брюссельде кездесетінін айтты.
– ЕуроОдақ АҚШ-тың ең жақын одақтасының бірі болғандықтан, бұл шараның біздің құрлықта таралуына жол бере қоймаймыз, – деді. Еурокомиссияның сауда жөніндегі комиссары Сесилия Мальмстрем. Ол Британияның The Guardian басылымына берген сұхбатында «бұл мәселе Еуропа нарығына үлкен қауіп төндіретін болғандықтан, америкалық сусындар мен арахис және тағы басқа азық-түлік өнімдеріне біз де баж салығын енгізетін боламыз. Үнсіз қала алмаймыз. Бәріне дайын болуымыз қажет, – деп мәлімдеді.
Ақиқатында, АҚШ президенті жарлыққа қол қойғанымен, бұл әлі түпкілікті шешім емес. Бұл мәселе күрделенбеуі үшін Дональд Трамп кейбір жеңілдіктерге баруы да мүмкін. Болат өндірушілердің алдында сөз сөйлеген ол «Америкамен әріптес әрі бізді қолдайтын жақын одақтастарға жеңілдік жасалады» дегенді де ашып айтты. Өйткені Трамптың экономика жөніндегі кеңесшісі «осы аптада президент елдегі ірі болат және алюминий өндіретін компания басшыларымен тағы кездесетінін» мәлім етті. Демек, бұл басқосуда бірқатар мәселелер кеңінен бек талқылануы мүмкін. Баж салығы Еуропаның кейбір елдеріне қатысты жұмсартылуы да ықтимал. Оны енді алдағы жиын анықтайды. Алайда Трамптың баж салығын көтеру туралы жарлығын құптамай отырған елдер өте көп. Сарапшылардың дерегіне сенсек, АҚШ-қа әлемнің 110 елінен болат пен алюминий өнімдері келеді екен. Бұдан шығатын қорытынды не? АҚШ нарығын сапасыз, арзан тауарлар жаулап барады. Сондықтан нарықты, Американың ұлттық қауіпсіздігін қолдау мақсатында қол қойылған жарлықтың астарында осындай маңызды нәрсе жатыр.
Десек те, Трамптың отандық экономиканы қолдау мақсатында жасалған жоспарын шетелдік іргелі компаниялар ғана емес, Американың өз ішінде құптамай отырғандар да баршылық. Ford Motor Co америкалық компаниясы «мұны әлем тарихындағы қаралы күн» деп атады. Wells Fargo агенттігінің сарапшылары АҚШ-тан гөрі басқа елдер алюминий мен болатқа салынған баж салығынан көп нәрсе жоғалтуы мүмкін деп отыр. Атап айтқанда, Бразилия, Оңтүстік Корея, Мексика және Ресей алдағы уақытта аталған металл өнімдерінің бағасын төмендетіп, АҚШ-тан басқа нарықта басымдыққа ие болуға тырысады. Халықаралық валюта қорының мамандары «АҚШ президентінің бұл қадамы Американың құрылыс және өндіріс саласына ғана емес, әлемдік экономикаға да белгілі дәрежеде шығын әкеледі» деп болжам жасап отыр. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының Бас хатшысы Анхель Гурриа «өткен тәжірибелер көрсеткендей, тығырыққа тірейтін мұндай шешім ғаламдық проблеманы туғызады. Сондықтан қалай айтқанда «сауда соғысын» болдырмас үшін, нарықтағы жағдайды реттеу үшін халықаралық диалог керек. Тіпті АҚШ президентінің бұл қадамын құптамай, қатты айтқан басшылар да бар. Мысалы, Австрияның канцлері Себастьян Курц алюминий мен болатқа енгізілген баж салығын «нақұрыстық әрекет» деп бағалады. Австрия канцлері Трамптың ойланбай жасаған әрекетінің салдарынан әлемдік нарықта «сауда соғысы» басталуы мүмкін екенін де жасырмады. Бұл мәселеден еуропалықтар да, америкалықтар да зардап шегеді. Алюминийге 10, болат өніміне 25 пайыз баж салығы енгізілгенін ескерсек, жағдайдың күрделі болатыны о бастан түсінікті. Әсіресе, «АҚШ-ты одақтасымыз» деп есептейтін ЕуроОдақ елдері үшін бұл күтпеген шешім болғаны да ақиқат. Бірақ бұл оқыстан шыққан оқиға емес. Дональд Трамп сайлау алдындағы сөйлеген сөздерінде америкалық нарықты қорғау үшін сырттан келетін металдарға баж салығын енгізу туралы талай рет мәселе көтерген. Енді міне, соның барлығы да қарсылықтарға қарамастан біртіндеп орындалып, жүзеге асып келеді.
Дәл қазір әлем әліптің артын бағып отыр. Бірақ ақиқаты, Трамптың бір ғана жарлығы әлемді әбігерге түсірді. Германия үкіметінің ресми өкілі Штеффен Зайберт баспасөз мәслихатын өткізіп, «Ақ үйдің талқыға салынбай жасаған қадамы қандай болатынын өмір көрсетеді» дегенді айтты. Жуық арада Германия Еуропадағы одақтастарымен бірігіп, АҚШ басшысы енгізген баж салығын арнайы талқылайтын болады. Егер Трамп райынан қайтпайтын болса, онда ЕуроОдақ елдері де жауап қатады.
Германия үкіметінің тағы бір өкілі Георг Штрайтер «АҚШ-тың баж салығы заңға қайшы. Бұл, ең алдымен, халықаралық сауда ағынына кесірін тигізеді. сонымен қатар қалыптасып қалған халықаралық нарықтағы тепе-теңдікті бұзады. Ақ үй әкімшілігі тарапынан жасалған қате әрекетті түзеуіміз керек. Егер олай болмаса, Еуропа мәселені жауапсыз қалдырмайды» деп мәлімдеді.
Осыған байланысты ЕуроОдақ ұйымына мүше елдер наурыз айының соңында бас қосып, арнайы саммит өткізуді көздеп отыр.
Расында да, Трамптың шешімін «нақұрыстық әрекет» деп бағалаған Австрия канцлері Себастьян Курцтың айтып отырғаны да бекер емес. Егер АҚШ-пен «сауда соғысы» басталса, мұның экономикалық зардабы үлкен болуы ықтимал. Оны ешкім де жоққа шығара алмайды.
Дональд Трамптың өз жақтастары да президенттің бұл шешімін құптап отырған жоқ. Бұрыннан Трамп саясатын тоқтаусыз сынап келе жатқан Республикалық партияның өкілі, сенатор Джефф Флейк «АҚШ президенті жарлығының күшін жою қажет» деп есептейді. Ол осы жолда күресетінін мәлім етті. Джефф Флейк қана емес, Палата өкілдерінің спикері Пол Райан да президенттің шешімімен келіспейді. Оның ойынша, «сауда соғысында» ешқашан жеңімпаздар болмайды. Расында да, бұл пікірдің өзі көп нәрсені аңғартып тұрса керек.
Әлемді әбігерге салған Дональд Трамптың жарлығы 23 наурыздан кейін күшіне енеді. Бірақ оған дейін өзгерістер болып қалуы да ықтимал. Трамптың өзі де «кейбір елдер үшін біз жеңілдікке баруымыз мүмкін» деп мәлімдеді. Соған қарағанда, біраз елдің өкілдері нарықтағы жағдайды реттеу үшін АҚШ-қа қарай ағылатын шығар. Бірақ қалай айтқанда да жағдайды реттемесе, болмайды. ЕуроОдақтың бәсекелестік жөніндегі комиссары Маргрет Вестагер «Егер Америка райынан қайтпаса, біз де қатаң жауап қатамыз» деп мәлімдеді. Вестагер ханым қазірдің өзінде АҚШ-тан келетін ауыл шаруашылығы өнімдері мен басқа да ондаған тауарларға баж салығын енгізу туралы «қара тізім» жасалынып қойғанын мәлімдеді.
– Еуропа мен АҚШ арасында ондаған жылдардан бері қалыптасқан сауда қатынасы бар. Мыңдаған жұмыс орындары осы жүйенің негізінде жұмыс істейді. Сондықтан біржақты қабылданған шешімге Еуропа елдері қаннен қаперсіз қарап отыра алмайды. Егер ЕуроОдақ елдерінің экономикасына қауіп келетін болса, біз де тиісті шешім қабылдайтын боламыз, – деп үн қатты.
Reuters агенттігінің мәліметіне сенсек, шындығында АҚШ-қа жыл сайын сырттан 35 миллион тоннадан астам алюминий мен болат металл келеді екен. Егер баж салығы енгізілетін болса, Еуропада жұмыс көлемі азаяды және мыңдаған жұмысшылар жұмыссыз қалады. АҚШ президентінің біржақты қабылдаған әрекетін әлемдегі ең ірі SpaceX және Tesla компаниясының басшысы Илон Маск «аяғыңа қалайы, мыстан жасалған туфлиді киіп алып, олимпиада жарысына қатысу» деп атады. Шындығында еуропалықтардың шырылдап отырғаны бекер емес. Олардың да жанайқайын түсінуге болады. Америкамен арадағы сауданың тепе-тең болмауы онсыз да Еуропа нарығының еркін дамуына кесірін тигізеп отырғаны рас. Мұндай жағдайда қосымша баж салығын енгізу тағы да өндірісті тежейді.
Бірқатар сарапшылар «Дональд Трамп экономист емес, ол бизнес – ойыншы ретінде нарықта басымдық рөлге ие болғысы келіп отыр. Сөйтіп, АҚШ нарығынан Еуропаны тазартқысы келеді. Бірақ Трамптың бұл әрекеті әлемді экономикалық дағдарысқа әкелуі мүмкін» деп отыр.
Жалпы, АҚШ президенті Дональд Трамптың жарлығының барлығы да жағымды пікір туғыза бермейтінін айтуымыз керек. Оның Ақ үйдегі қызметіне кіріскен соң, бірнеше айдан кейін сырттан келетін мигранттарға тоқтау салу туралы бұйрық шығарғанын да жұртшылық ұмыта қойған жоқ. Артынан мұны өзгертуге мәжбүр болды. Бұл жолы да Трамп құбылатын шығар немесе кейбір елдермен келісімге келуі де ықтимал.
Расында да, «сауда соғысында» жеңімпаздар болмайды.
Берік БЕЙСЕНҰЛЫ