ПРЕЗИДЕНТ: БІЗДЕ 130 УНИВЕРСИТЕТ БАР, ОЛАРДЫ ҚЫСҚАРТУ КЕРЕК
Бізде 130 университет бар, оларды қысқарту керек. Бізге олардың саны емес, сапасы керек. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы бойынша қазақ тіліне аударылған 18 кітаптың салтанатты тұсаукесер шарасында мәлімдеді.
«Осы мектептер (Назарбаев зияткерлік мектебі, Халықаралық «Мирас» мектебі – агенттік ескертпесі) арқылы басқа мектептердің барлығын соның деңгейіне тарту, басқа университеттерді анау университеттің деңгейіне тарту керек, университеттің барлығы ғылыми орталық болуы керек, ғылыми орталықтарда өздерінің зертханалары болуы керек, оны өндіріске қарай жақындататын өндірісі болуы керек, одан кейін бизнеспен қатынасып, оны саудаға шығаратын болуы керек. Барлық университеттің жұмысы солай. Ал біздің университеттеріміз қандай? Мысалы, қазір күнде министрлікке келеді де, «университет ашайық» дейді. Қалтасына ақша түссе, университет ашайық дейді. Бізде 130 университет бар, оларды қысқарту керек. Бізге олардың саны емес, сапасы керек. Қазір рейтинг жүргізіледі. Рейтинг жүргізіле бастағанда, ІТ-технологиядан, жаңашылдықтан, техникадан, инженерліктен қалай деген кезде, қазір барлық үлкен университеттеріміз артта қалды. Жай жекеменшік университеттер алға шықты», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, мұндай университеттер өздігінен-ақ артта қалып қоятын болады.
«Олар өздігінен артта қалып қояды. Себебі, біз оларға грант бере алмаймыз. Біз халыққа «мына жерден түк таба алмайсың» деп түсіндіреміз. Сондықтан, университеттер сақталып қаламын десе, заманға сай болуы керек. Біз жастарға диплом алу үшін ғана оқымау керек екенін айту керекпіз. Қалтасында бірнеше дипломы бар азамат жұмыс таба алмай жүр. Сондықтан, төртінші курсынан бастап студенттерінің 80-85 проценті бизнес адамдарымен жұмысқа тартылса, онда бұл университет. Барлық өрендері жұмысқа орналасатын болса, ол университет. Сондықтан, біз білімді ел болуға тырысуымыз керек, жастарымызды осыған баулуымыз керек. Біз қиядағы қағып түсіретін қырағы саналы ұрпақ тәрбиелей алсақ, онда көздеген мақсатымызға жетеміз, артта қалмаймыз, өтіп бара жатқан елдің шаңын жұтпаймыз», – деп жігерлендірді Назарбаев.
Ақмарал Шағатай
Baq.kz