ЗАМАН – ЖЕДЕЛ, МІНДЕТ – АЙҚЫН
– Биылғы Елбасы Жолдауының аты айтып тұрғандай, Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында дамудың жаңа мүмкіндіктері қандай? Бұл – Елбасы Президенттің 2030 және 2050 жылдарға арналған стратегиялық дамуларының жүзеге асырылуы, екінші жағынан мүлде жаңа деңгей, мүлде жаңа дүниетаным, мүлде жаңа міндеттер алға шығып тұрғандығын көрсетеді. Осы жылдарда бүкіл дүниежүзілік ғаламдық процестер күтпеген қозғалыстарға, ерекше өгерістерге түсіп жатыр. Сол өзгерістердің өзі Төртінші индустриялық революцияны тездетіп жіберіп отыр. Соған сәйкес, қазіргі кезде бүкіл қоғам алдында, болашақ ұрпақ алдында жаңа сапалық даму тұр. Оның басты тармағының бірі – цифрландыру. Яғни, ғаламдық дәрежедегі құбылыстардың өте жіті және белсенді түрде дами отырып, өзінің қатаң талаптарын ұсынатыны да белгілі. Оларды қысқа мерзімде игеру үшін адамдардың қандай мүмкіндігі болуы керек? Міне, Елбасы жариялаған он бағыттың маңыздылығы да осында. Он бағыттың жетінші бағыты – Адам капиталын жаңғырту мәселелері. Соған қысқаша тоқталсам. Өйткені біздің жаңағы айтып отырған өнеркәсіптік, технологиялық, жаңа жұмыс орындық еңбек процесінің өзгерістерін, жаңалықтарын, жобаларының бәрін жасайтын – адам. Тек білімді адам жасай алады. Енді бұған біздің кешегі дәуірдің кешегі өтіп кеткен заманымыздың білімі жете ме, жетпей ме? Мәселе осы тұрғыдан да қаралуы тиіс. Яғни, алдымызда жаңа сапалы білімге тез бейімделу міндеті тұр. Әсіресе, жас ұрпақ жаңа кезең алдында. Біздің мемлекетіміздің, Үкіметтің, Парламенттің міндеті – қажетті бағдарламалар, тұжырымдамалар, концепциялар жасау, соған жауап бере алатындай қажетті заңдар қабылдау. Елбасының Жолдауында мынандай сөздер айтылған: «Еліміздің университеттеріндегі педагогикалық кафедралар мен факультеттерді дамыту қажет», – дейді. Мен мұны қалай түсінем? Бұл – педагогтарды дайындау, яғни жас ұрпақты жаңа білімге оқытатын мамандар дайындау қажет деген сөз. Университет әртүрлі мамандар – заңгер, инженер, мұғалімді де дайындау керек. Қазір жаңа талаптарға сай жаңа мұғалімдерді көріп тұрмыз ба? Мені осы сұрақ ойландырады. Яғни, жаңа педагогикалық оқыту мәселелерін қолға алу керек. Елбасы сол жаңа білім беру деңгейінде математика мен жаратылыстану ғылымдарын жетілдіруіміз керек, оның сапасын күшейту туралы айтып отыр. Бұл жастарды жаңа технологиялық қалыпқа дайындауға ықпалын тигізеді. Осы тарап қалай ұйымдастырылады? Сол сияқты мектептерді қаржыландыру мәселесін қайта қарауымыз керек. Тек қаржы үнемдеу тұрғысынан ба, жоқ әлде қаржының тиімділігін қараймыз ба? Бұл жерде екі талап бір бірімен байланысты. Жұмсалған қаржының нәтижесі қандай? Бізге керекті маман алдық па, алмадық па? Біз сол тұрғыдан да қарауымыз керек. Елбасы Жолдауында «ТМД елдері ішінде біздегі оқушылардың жүктемелері өте жоғары», яғни оқушыға берілетін тапсырма, не болмаса білімнің, пәндердің көлемі мол. Біз кейде бәрінен озып кетеміз дейміз де, мүмкіндігімізді есептей алмай қаламыз. Мүмкіндігімізді есептеуіміз керек. Жүктемелік әңгімесі бекер көтеріліп отырған жоқ. Елбасы мұны бірнеше рет айтып жүр. Осыдан бұрын да талай айтқан. Біз Жолдауды терең оқып зерттеуіміз керек. Тереңдеп ойласаңыз, бұл Жолдау – бұрынғы үлкен стратегиялардың дамуы, соның жалғауы. «Қазақстан – 2050» стратегиясында Елбасы бірнеше жыл бұрын Мәңгілік ел болу арманымыз бен мақсатымызды айқындады. Әрбір Жолдауда соған нақты міндеттер айтылады. Егер біз жаңа білімді маман дайындай алсақ, білімді маманымыз қабілетті болатын болса, ертеңгі күні жаңа заманның жаңа технологиялық талаптарына сай боламыз.