Қызылордалық зағип жан: Тағдырдың жазғанына риза болған адам – бақытты
Қос жанарынан айырылған қызылордалық Серік Ерболатов түрлі музыкалық астапта ойнап, ән айтады, деп хабарлайды Baq.kz аймақтағы тілшісі.
Серік отбасындағы үш баланың ортаншысы. Үлкен әпкесі мен інісі бар. Ол жарық дүние есігін ашқан кезде екі көзі де көретін. Ауылдағы мектеп табалдырығын аттаған ол 8-сыныпты тәмамдаған жылы жылқыдан құлап, жарақат алған.
Дәл осы оқиғадан кейін Серіктің табан асты тағдыры басқа арнаға ауысып кете барды. Екі көзінің де көруі нашарлаған соң Алматы қаласындағы Н.Островский атындағы зағиптар және көздері нашар көретін балаларға арналған №4 арнайы мектеп-интернатта оқуға мәжбүр болады. Бала күнінен ән айтуға құмар Серік осында білім ала жүріп, баян, домбыра, гитара аспаптарында ойнауды меңгереді. Қазір түрлі ән байқауларында бағын сынап, жүлделі орындарды алып жүр. Жуырда ғана Қызылорда қаласында өткен облыстық дәстүрлі «Жүрек жылуы» мүмкіндігі шектеулі жандар арасындағы байқаудан екінші орынмен оралды. Байқау кезінде әнші Табылды Досымовтың «Жалған дүние» әнін орындап, көрермендердің көзайымына айналды.
«Бала кезімізде кешкі уақытта достарыммен көшеде жүріп, ән салатынбыз. Мектепте де өлең айтып жүрдім. Ең алғаш «Бозторғай» ән байқауына қатыстым. Ол кезде Қонысбек деген жігіт домбырада, мен баянда ойнап, Тоқтар Серіковтің орындауындағы «Үкілі қыз» әнін айттық. Ең алғашқы үлкен сахнам сол екен. Одан кейін бірнеше байқауларға қатысып, жүлделі орындар иеленіп жүрмін. Ең бастысы, өмірде шүкірлік ете білу керек. Тағдырдың жазғанына риза болған адам бақытты болады. Көзімнің көрмегені болмаса, жаратқан ием сана-сезім берәп, өнерді серік етті және отбасын сыйлап, сәби сүйгізді. Бергенін алса да, берерінен айырмасын», – деп толғанды Серік.Ауылда әнші жігітке қолдау көрсететіндер жетерлік. Мәселен, биыл Өмірсерік деген ауыл тұрғыны Серікке жаңа баян алып берді. Ал Серіктің ән байқауларынан қалыс қалмауы үшін жұбайы Орынай бар жағдайды жасайды.
«Әркез жарымның жанындамын. Отау құрғанымызға он жылға жуықтады. Қазір шаңырағымызда Нұрасыл, Ұлпанай, Айзере атты үш бүлдіршін өсіп келеді. Олардың алды мектепте оқыса, кішісі төрт жаста. Мен әлеуметтік қызметкер болып жұмыс істеймін», - дей келе Орынай Серікке өзіне лайықты жұмыс табылса екен деген тілегін жеткізді. Кез келген аспапта еркін ойнайтын жігіт музыкалық сүйемелдеуші бола алатынын айтты.Мүмкіндігім шектеулі деп қол қусырып отырғысы келмеген Серіктің талабы мен талпынысын қолдап, жұмыс ұсынар жанның тезірек табылуына тілектес болдық.
Ибраш ӘЛИ
Baq.kz