АЛТЫН САҒАТ ҚАЙДА ЖОҒАЛДЫ?
Бұл өзі қызық оқиға...
Алтын сағатыңыз бірталай ақша тұрады. Сол қымбат алтын сағатты көз алдымызда жоғалтып бір қора адам ет пісірімдей уақыт бұлақ жағалап жүрдік те қойдық...
Мәдениет қайраткері Бөрібай Қоңқабаев ұзақ жылдар бойы Шиелі ауданында осы салада басшылық қызмет атқарды. Әйелі Әмина Тасболатова режиссер еді. Жақсы жұмыс істеді, екеуі де өз ортасына абыройлы болды. Міне, Бөкеңнің де аудандық мәдениет үйінің директорлығын өткізіп, еңбек демалысына шыққанына біршама жыл. Жан жары дүниеден өтіп, өзі егде тарта бастаған соң ба, соңғы кездері әкесін көбірек есіне алатын болған-ды. Көзкөрген дейді-ау, өзімізге келгенде сол тақырыпқа жиірек ауысады.
Әкесі ақын кісі еді. Манап Көкеновтің серігі, өнерпаз Есіркеп Қоңқабаев Жаңақорған ауданында автоклуб меңгерушісі болып малшылар мен егіншілерге мәдени қызмет көрсеткен адам. Қаратаудың қойнауы мен Қызылқұмда ізі сайрап жатыр. Сондықтан да болар, тау жаққа келсе Бөрібай әкесі Ес-ағаңды көбірек аузына алып, көзі сулана жабырқап қалады.
Осыдан 6-7 жыл бұрын шамасы болар Жаңақорғандағы қырғызәлі ағайындар тау арасындағы бұлақ басына ата-бабамыз мекен еткен жер деп белгі қойып, ас берді. Сол жиынға Шиеліден оншақты адам барып қатысқанбыз. Несін айтасыз, Шалқиядан өте тауға қарай бұрылған соң қазылған қара жол, әрі тым ұзақ. Шағын автобус ішінде зорға дем алып, селкілдедік те отырдық.
Сонымен ас беру рәсіміне қатысып, дұғасына қол жайып, енді кері қайтуға жиналдық. Дәл осы кезде Бөкең: «Қаратау әкемнің көп жүрген жері еді, ана бұлаққа талай суға түсіп, жонына аунаған шығар, жарықтық! Мен де сол бұлаққа түсіп, шөбіне аунап алайын, әкемнің аруағы риза болсын!» демесі бар ма. Қанша асығып тұрсақ та, әруақты қозғап тұрған бұл ләміне қарсы келе алмадық.
«Газельді» қырдың төбесіне иіріп қойып, бұлақ жаққа қарайлаймыз. Бөкең көлік тұрған жерден үш жүз метрдей шамасындағы бұлаққа аяңдап барып, суға түспекке қам жасай бастады. Көлік ішіндегілер анау-мынауды сөз етіп асыға күтіп отырмыз. Бір көзіміз түскенде аңғарғардық Бөкең кәстәмін иығына желбегей жамылып, бұлақты жағалап жүр екен. «Қайтсін-ай, әкесін есіне алып, тебіреніп жүр-ау» деп қояды мұндағылардың бірі. Сүт пісірімдей уақыт өтті, Бөкең ары-бері жүруін тоқтатар емес. Анда-санда бұлақ жағасына еңкейіп жағаны түрткілейді де, айналып келіп, жаңағы әрекетін тағы қайталайды. Мына мысық-тышқан ойыны тіптен ұзады. Қайран қалып, аһылап-үһілеп мұндағылар отыр. Сонан соң жасы кішілеу біреуді «шақырып кел» деп жұмсадық. Бөкеңмен тілдескен соң онымыз да бұлақ жағалап сенделіп кетті. Тағы біреуді жұмсап едік, қозы қайырым уақыт өтті, ол да орала қоймады. Болмаған соң бәріміз бұлақ жағасына барайық.
Ал бұл жерде гәп басқаша - Бөрібайдың жаңа ғана қолынан шешіп жағаға қойған алтын сағаты үшті-күйлі жоқ болған. Өзі жап-жаңа екен, балалары туған күніне сыйлаған қадірлі заты! Қойған жерін әрі-қарайды, бері қарайды көрінбейді. Манадан бері бұлақ жағалап, сол жоғалған алтын сағатты іздеумен сарсылыпты. Жұрттың ауылға қайтуға асыққанын біледі, алайда, жуырда ғана қолына таққан алтын сағатты айдалаға тастап кетуге тағы қимайды... Құнының өзі бірер өгіздің құны шамалас сияқты. Сонымен кейінгі барған біздер де бұлақ жағалап, әлгі сағатты іздеуге кірістік. Әрі жүрдік, бері жүрдік, алтын сағаты құрғыр таптырар емес. Бұл маңға бөгде кісі келмесе, сайтан сап ете қалмаса, енді кім алып кетуі мүмкін?! Бұлақ жағалап шулап жүрген бір қора адамның бәрі аң-таң. Құдая тоба! Таңғаларлық жағдай ғой мынау. Бөкең жуынып алмақшы болып, киімдерімен қоса білегіндегі алтын сағатты да шешіп киімінің жанына қойған, сонан соң бұлаққа еңкейіп, бет-аузын шайып, қайтып келсе, алтын сағат зым-зия жоқ. Бұған не дейсіз?!
– Бақа тістеп кетпеді пе екен? – деп біреу күмән айтты. – Алтын көрсе, періште жолдан тайыпты деуші еді ілгергілер, бүгінгінің бақасы алтынды тануы да мүмкін-ау?! Кім білсін?!
– Қалай болып еді? – деп Бөкеңнен қайталап сұрады Ақтай.
– Киімдерімді шешіп жағаға жайғастырдым, алтын сағатты да шешіп төплидің жанына қойдым. Сонан соң біссіміллә деп әуелі оң білігімнен су жібердім, сонан соң сол білегімнен.., – деп Бөкең білегін көтерген күйі әуелі аңтарыла өз білегіне, сонан соң айналасында жамырай тұрған бізге қарады. Мұндағылар да аң-таң. Мына қызықты қараңыз – сол кезде жоғалды деп жұрты осынша әуреге салған алтын сағат жарқ ете қалды. Елесі емес, нағыз өзі! Бауы да күнге шағылысып, көздің жауын алады. Таптырмас қазынаға айналуға шақ қалған алтын сағат Бөкеңнің білегінде ілулі тұр. Міне, қызық! Сәл үнсіздіктен соң жұрт ду күлді.
– Әуелі сағатты тағынып, көйлегімді сосын киген екенмін, ол ойымда жоқ, айналаны іздей беріппін ғой.., – дейді Бөкең де бәсең үнмен. Өзінің іздегенін қойшы бір қора адамға түс ауғанша бұлақ жағалатып сандалтқанын ше!
– Жарықтық Қожанасыр астындағы есегін алты ай іздеген екен, бұл да соның кері болды ғой, – деп Жамалхан ағамыз да күңкілдеп қояды.
– Бәрін айт та, бірін айт демекші, қайтқан малда қайыр бар, жоғыңыздың жаныңыздан табылғанын айтыңыз, – деп өзгеміз жұбату айтып жатырмыз.
Иә, араласқан адамдардың кейбір сәттері осындай тосын оқиғалармен есте қалады-екен-ау.
Н.Назымханұлы








