Конституция
Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Пойыздағы «проишествие»

Пойыздағы «проишествие»

Тоқсаныншы жылдардың соңы. Қоғамдық өзгерістерге жұрттың бейімделе алмай, бірде аш, бірде тоқ жүрген кезі. Жұмыс жоқ, елдің тұрмысы төмен. Әлеуметтік жәрдемақы, зейнетақы үш-төрт айда қолға бір тиеді. Азық-түлік те, зат та тапшы. Осы кезеңдерде жамағаттың алдағы күндерге сенімін нығайту, Үкіметтің, аймақ басшысының елдің әл-ауқатын көтеру барысындағы бағдарламаларын елге жеткізіп, олардың орындалу барысын ақпараттандыруда газеттердің рөлі өте күшті. Жұрт тасқа басылған сөзге сүйенеді. Бұл орайда газет қызметкерлерінің, тілшілердің еңбегі жанкешті жұмыс десем артық айтқандық емес. Редакциядағылар түнімен қара күйе әріптер таңбаланған газет макеттерін редакция мен баспахана арасында әрі-бері тасып, шапқылап жүргені.
Қызылорда облыстық «Сыр бойы» газетінің редакциядағы орнымнан оңтүстік аудандардағы тілшілігіне қызмет ауыстырдым. Жаңақорған, Шиелі аудандардағы ана ауыл, мына елді мекенді аралап, редакция тапсырмасын өз уақытында орындап, материалдарды дайындау керек. Оқырмандар талап-тілегін де «Сырымды саған айтам, «Сыр бойы» айдарында тұрақты жариялап отыруымыз қажет.
Ол кезде қазіргідей интернеттік байланыс түске де кірмейді. Бәрі де қолмен атқарылады. Стансадан таңертеңгі сағат 6-да қозғалатын «Тоқылдақ» аталатын шабан пойыздың вагонында күнара селкілдеп отырғанымыз. Онан әрі жолай кездескен көлікке қол көтеріп, межелі жерге жеткенше асығыспыз. Кездесе кеткен трактор, матасекілге мінгесіп, бет-аузың шаң-шаң болып, селкілдеп бара жатқаның. Тіптен жаяу-жалпы да жорта бересің. Өйткені, мойынға алған міндетіңді уақытылы орындау парыз. Ал тілшілердің еңбек ақы, жалақысы тіптен аз. Оның өзі де екі-үш айда қолға тисе шүкіршілік айтасың. Тек «Елге қызмет жасап жүрміз, борышымызды лайықты атқару керек» деген ұстаным ғана журналистерді алға жетелейді сол кезде...
Шағын кіріспе сөзімді осымен доғара тұрып, осы сапарлар барысындағы кейбір қызықты оқиғаларға кезек берейін.
Шиелі станциясынан таңертеңнен бастап, жолаушылар пойыздары өте бастайды. Қазір де солай ғой. Облыс орталағы Қызылордаға, «Сыр бойының» редакциясына барып, мақалаларымды тапсыру, қаладағы фотоательеде өзіміз түсірген суреттерді шығару үшін көбінесе теміржол вокзалына қарай ертелете жетемін. Өйткені, бензин тапшылығы, басқа да кедергілер себебімен автобус бірде болады, бірде болмай да қалады. Қазіргідей даңғыраған жол, ағылған көлік болмайтын қиындау уақыт.
Ал вокзалыңның басы ығы-жығы адам, өзіміз секілді жолаушының бәрі осында, вагонның біріне ілініп кету ше.., ой, қияметтің қияметі! Кейде жұртпен жағаласа жүріп вагонға мінесің, кейде қол бұлғап перронда қалып та кететін кездер болады.
Бірде вокзал басында орыс тілді газеттегі әріптес інім Мақсұт Ибрашевтің кезіге кеткені. Амандаса, хал-жағдай білісіп тұрған кезімізде «Тәшкен-Мәскеу» пойызы стансаға келіп тоқтай бастады. «Ойпырай, енді жолсерік қай өзбекке жалынамын», деп уайымдап тұрмын. Мақсұтым сасар емес, «Нұреке, бері жүріңіз», деді де бір вагонның ашылмайтын есігін (не рабочий) жұдырығымен дүрс-дүрс соқты. Өзбек проводниктің басы қылтиып көрінісімен: «Мұнда қандай пройшествие болып жатыр?» деді рең-басы қошқылданған Мәкең қатты дауыстап. Құдды бір пойыздағы тексеруші әлде теміржолдың бастықтарының бірі секілденіп. Жолсерік те мына сұсты кейіп, оқыс сұрақтан сасып қалды-ау, деймін, бірдеңе деп міңгірлей бастап еді, Мақсұтым қарғып тамбурға шықты да сонда тұрған қоқыс салатын шелекті теуіп кеп жіберді: «Мынау не деген мусор? Чистота қайда?!» дейді айқайлап. Өзбектің әпті әбден қашты. Осы мезет мен де тепкішекпен жоғары көтеріліп үлгердім.
Мақсұт-ревизор енді тіптен зорайды: «Барлық жерде порядка болсын, тез-тез реттеңдер!» дейді тісін шықырлатып. «Айтпақшы, мына кісіні (мені көрсетіп) купеге жайғастырып, шәй-пәйді тезірек қамда!» деп бұйрығын да бұрқыратты. Әнең қара! Күнде монтана қалпында жүретін әріптес інімнің мына кереметіне айран асырмын! Дегенде, әлгі тапсырмалары жаныма жағып тұрған сыңайлы. Жолсерік оның айтқанының бәрін екі сөзге келмей, тап-тұйнақтай етіп орындап, екеумізді салқын ауа соғып тұрған купеге жайғастырды. Шәй де келді, ыстық бәліш пен самса да алдымызда. Енді өз әурешілігімізді ұмытқандай елдің қамын, халықтың жағдайын ойлайтындай дәрежеге көтеріліп, әңгімені соғып барамыз. Осылайша ештеңеге алаңдамай, былқ етпестен, сәскеде облыс орталығына жеттік.
Мына қызықты қараңыз, қайтарда да Мақсұт осындай әдіспен жолсеріктердің екі аяғын бір етікке тығып, түнделете қиналмай мекенімізге оралдық. Біртіндеп мен де пойызға мінудің осы тәсіліне төселіп алдым. Қаһарлы «ревизор» інім тұрғанда не қам бар? Мақсұт вагонның есігін дүңкілдетіп жатқанда, үстімде қара плащ, басымда қара кепкі, қолымда іші газетке толы қампиған қара папкі ұстап, үндемей тұрамын. Құдды бір важный адам сияқты. Сәлден соң вагонның жайлы орнында шәй ішіп, тербеліп кетіп бара жатамыз. Кейде қойдың басын да мүжіп қалатын кездер болды. Осылайша бірер жыл айымыз оңынан туып тұрды.
Тағы бірде Қызылордаға барайын деп вокзалға келсем, вокзалда Мақсұтым жоқ. Әрі-бері қарап, қанша тықыршығаныммен көрінбеді. Жұрт жапырлай вагондарға ұмтылысып жүр. Кейбірі сырттап қалып жатыр. Бұрыннан көріп жүргенім бар мен бұ жолы өзімше әрекет етейін деп, вагонның жұмыс істемейтін, ашылмайтын есігі тұсына келіп, тарс-тарс ұрғыладым. Жолсерік өзбектің басы қылтиысымен: «Не пройшествие бар?» дедім. Үнім қарыз сұрап тұрғандай солғын шықты-ау, деймін, провод­ник: «Оны нема қыласыз?» деп есікті тарс жапса бола ма! Уәждесуге де мүмкіндік болмай қалды. Ал тепловоз жүргелі гудоктатып жатыр. Қайтейін енді, келесі вагондардың біріне барып, иесіне жалына теңгемді төлеп жүріп, ілдебайлап зорға аяқ іліндірдім. Ой, құдай-ай! Бұ жолы баяғы құрметтің бірі де, шәй мен самсаның иісі де жоқ жапырлаған жұрттың арасына қолаңса жұтып, сығылысып әрең отырмын.
П.С. Кейін аңғардым ғой, Мақсұттың даусында сұс, екпін бар екен. Сонымен қатар дистанция сақтау қажет. Есікті тарсылдатып ұрып болған соң жақын тақалмай, екі қадам шегініп тұрып айбат шегеді екен. Міне, әртіс!

Нұрмахан ЕЛТАЙ,
жазушы-журналист
29 маусым 2026 ж. 25 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№48 (9415).

27 маусым 2026 ж.

№47 (9414)

23 маусым 2026 ж.

№46 (9413).

20 маусым 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930