Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » МАЙДАНГЕР ДИҚАН

МАЙДАНГЕР ДИҚАН

Туған елдің тәуелсіздігі мен бостандығы үшін жанын қиған майдангерлердің есімі ұрпақ жадында мәңгі сақталады. Қан майданда жаумен арпалысып, азаттық жолында жанын құрбан еткен есіл ерлердің ерлігі – бізге, яғни бүгінгі ұрпаққа үлгі.
Адамзат тарихындағы ең ауыр қантөгіс соғыстың аяқталғанына да биыл – 80 жыл. Уақыт өткен сайын кешегі күндей күркіреп өткен сұрапыл соғыстың дүрбелең оқиғалары арасын аулақ салып, алыстап барады. Бірақ қаншалықты алыстағанымен, көңілден кетіп, жүректерден өшпек емес. Сондықтан Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен қан майданда қаза болған боздақтарымыздың теңдессіз ерліктері ғасырлар бойы жасай береді. Өйткені олар кейінгі ұрпақтың жарқын болашағы үшін өздерінің азаматтық және патриоттық парыздарын абыроймен өтеді. Солардың ішінде Ұлы Отан соғысы жылдарында батырлық пен ерліктің ғажап үлгілерін көрсеткен кімдер дегенде, Шиелі топырағынан майданға аттанған алты мыңға жуық жауынгерді түгел атауға болады. Олардың үштен екісі қаза тауып, майдан даласында қалды. Әуеде ұшқыш, жерде танкист, теңізде теңізші, окопта әскер және тылда еңбеккер болғандардың бәрі де Ұлы Жеңіс үшін фашист оғына өз кеудесін тосты. Соның бірі – жауынгер Әлі Есмұратов.
Әлі атамыздың балалық шағы ашаршылық кезеңмен тура келді. Бес жасында анасынан жетім қалған ол әкесімен бірге байлардың малын бағып, күнін көрді. Кеңес үкіметі орнаған тұста «Ақтөбе» колхозында жұмысшы болып еңбек етті. Тар заманда туып, ерте есейген оның балалық шағы осылайша аштық нәубетіне тап келіп, өмір оны ерте есейтті. Бір сәтте радиодан тараған: «Тыңдаңыздар! Неміс басқыншылары Кеңес одағына соғыс ашты» деген суық хабар халықты дүр сілкіндірді. Онсыз да ашаршылық әбден сілелеткен халықты аяқ астынан тұтанған соғыс өрті абдырата бастады.
Сол сәттен бастап ел азаматтары иығына қару асынып, майдан даласына бет алды. Алғашқылардың бірі болып жауға қарсы қару кезенгендердің қатарында Ә.Есмұратов та бар. Ол 1941 жылы Шиеліден майданға аттанған төрт вагон толы солдаттың бірі еді. Ауылда мылтықтың дауысын естімеген бозбаланы адам қаны сел боп аққан ұрыс даласы үреймен қарсы алды. Екі айлық дайындықтан өткен соң Сталинградты қорғауға аттанады.
Одан кейін де көптеген шайқастарда болып, Латвияны жаудан азат етіп, фашистерді Германияға дейін ығыстырған жауынгерлердің сапында болды. Майдан даласында жүріп талай жорықтарға қатысқан жауынгер отты жылдарды еске алып, балаларына әңгімелемейтін. Себебі ашаршылық жылдардан кейін тұтқиылдан келген фашист соққысы сан мыңдаған адамның жанын алып, бейкүнә сәбиді жетім етті. Сондықтан сол бір қасіретті жылдарды сөз етудің өзі майдангерлер үшін ауыр болғаны анық. Майдангер әкеміз түрлі дәрежедегі медальдармен марапатталды.
– Майдан даласында біздің әскерді әуеден бомбалады. Жаудың зеңбірегі нысанаға дөп тимесе де, қап-қара қою түтін арасында қалдық. Артында төбеден қарша жауған снарядтар біздің саптағы әскерді тас-талқан етті. Мен де ауыр жараландым. Еміс-еміс есімде, көзімді ашсам, қалың қар қызыл қанға боялған екен. Бірінің аяғы, бірінің қолы жоқ. Жан тапсырғандары қаншама?! Артынша фашистер тірі қалған әскерді мылтықпен атып келе жатыр. Әбден шарасыз күйге түскен біздің қолымыздан ештеңе келер емес. Тірі қалған әскер санаулы ғана. Сол сәтте алыстан әскерлердің шапшаң қимылы сезілді. Басымды көтеріп қарасам, өзіміздің полк әскері екен, бізге көмекке келген. Екі орыстың қолында зембілі бар, жарасы жеңіл, соғысуға жарайтындарын алып кетпек. Бақылап жатсам анадайда теріс қарап жараланып жатқан бір солдатты аударып қарады. Жарасы ауыр болуы керек, атып кетті де құжатын сөмкелеріне салып алды. Өлген солдаттардың қойнындағы құжаттарын жинап келеді. Кезек маған келді. Шинелімнен ұстап тартқан сәтте орыстың мойнын қысып ұстап, айырылмай қалдым. Мені зембілге салып тоғайға қарай алып кетті. Ну орманның арасына апарып тастай салды. Айналамда тола жараланған солдаттар. Бір ғана дәрігер жүр. Қайсыбіріне жетсін? Менің кезегім кешке келді. Дәрігер аяғымды қарап, кесу керегін айтты. Сөйтіп Бийск қаласындағы госпитальға бардым. Алты ай сонда емделіп, елге қайттым. Майдан даласында артқа қарау жоқ, тек «Алға!» деген ұранмен отқа да, суға түсіп, елді жаудан азат етуге барлық күш-қайратын жұмсаған жауынгерлердің ерлігіне бас иемін деп, әкем көзі тірісінде марқұм болған жандарға дұға етіп отырушы еді, – дейді ұлы Жақсылық Әлиев.
Ел басына күн туған сәтте жанкешті ерлік көрсеткен жауынгер 1943 жылы жаралы ІІ топтағы мүгедек болып елге оралады. Елде де жағдай мәз емес. Майдангер соғысқа аттанған сәтте құрсағындағы сәбиімен қалған жары бала үстінде өмірден өткен екен. Екі қызымен жалғыз қалған әке кішісін қарындастарының қолына береді.
Уақыт өте жолдасы майданнан хабарсыз кеткен төңкерістік Бибіайша Шаймерденовамен бас қосады. 1952 жылы дария тасып, «Ақтөбе» колхозын су басады. Сөйтіп тұрғындар түгел Авангард колхозына көшіп барады. Корейлердің арасына тез үйреніскен Әлі Есмұратов ауылдағы алғашқы қазақ күрішшілерінің бірі болды. Ерінбей еңбек еткеннің арқасында 1956 жылы күріштен мол өнім алғаны үшін «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталады. Келесі жылы Мәскеу қаласындағы ауыл шаруашылығы көрмесіне қатысуға жолдама алады. Егін орағы қай кезде де екпінді майдан саналады. Жер-Ананы баптап, онымен жұмыс істеген жандар мұны жақсы түсінеді. Майдангер алқапта жүріп жаралы аяғын екі рет сындырып алса да шаруада шеттелмеді. Оның майдан даласындағы ерлігі ескеріліп, «Германияны жеңгені үшін», «Жеңістің 20 жылдығы», «Лениннің 100 жылдығы» мерекелік медальдарын иеленді. Қырманды дәнге толтырып, күріштен тау тұрғызған майдангер-диқан 1982 жылы өмірден өтті.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясында сөйлеген сөзінде елімізде 500-ден астам көшеге Ұлы Отан соғысының ардагерлерінің есімі берілетінін мәлімдеген болатын. Ауыл шаруашылығы саласының майталманы атанған майдангер Әлі Есмұратовтың да есімі ел жадынан өшпеуі тиіс. Ерлігін кейінгі ұрпаққа, ауылдас азаматтарға үлгі ету мақсатында өзі еңбек еткен елді мекеннен көше атауы берілсе, соғыс солдатына деген құрмет болар еді.

Гүлхан СӘБИТҚЫЗЫ
18 маусым 2025 ж. 38 0

Қоғам

АТА ЖӘНЕ МЕН
18 маусым 2025 ж. 2

PDF нұсқалар мұрағаты

№44 (9311)

17 маусым 2025 ж.

№43 (9310)

14 маусым 2025 ж.

№42 (9309)

10 маусым 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30